Қола, темір дәуіріне жататын тарихи жәдігерлер соңғы жылдары азая бастаған
Шығыс Қазақстан облысында таңбалы тастар тоналып жатыр. Ашық аспан астында жатқан ескерткіштердің қолды болғанын жергілікті тұрғындар байқапты, деп хабарлайды ktk арнасы.
«Көңілге кірбің ұялатты. Мұндай айуандықты бірінші рет көріп тұрмын. Қопарып, көтеріп алып кеткен. Кранмен әкетті ме. арнайы құралмен келіп кесіп алды ма?», дейді Қайнар ауылының тұрғыны Серік Ақышев.
«Абыралының таңбалы тастары» деген атаумен тарихта қалған жәдігерлер бір жарым шақырым аумақты алып жатыр. Бұл туристер және тарих пен археологияға қызығатындардың жиі келетін орны.
Бірақ түрлі аңдарның, шайқастардың бейнесі қашалған тастардың көбі тоналып кеткен. Жұрт ол аумақты жергілікті әкімшілік қатаң бақылауға алса дейді.
Атқамінерлер тарихи жәдігерлер ұрланбады дейді. Себебі: тау басына оны көтеретін жүк көлігі жете алмайды дейді. Ауыл әкімі төңірегін қоршап белгі қоюға қаржы тапшы деп ашығын айтты.
«Ауылдың бюджетінде оны қоршайтындай қаражат жоқ. Қоршағанда да дұрыстап тақтайшаларын қойып, үлкен қоршау жасау керек. Оны ойластыру қажет. Ғалымдар, тарихшылар және мәдинет басшыларымен бірлесіп дұрыстап істеу керек», -деді Абыралы ауылының әкімі Ұлан Мұқажанов.
.