Тараптар Қазақстан-Қырғызстан стратегиялық әріптестігінің даму перспективаларын талқылады
Жұма, 29 сәуірде Бішкекке жұмыс сапары аясында Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен кездесті. Бұл туралы Azattyq Rýhy Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Қырғызстан стратегиялық әріптестігінің даму перспективаларын талқылады, атап айтқанда, сауда-экономикалық, инвестициялық және шекара маңы ынтымақтастығын нығайтуға ерекше назар аударды.
Әлихан Смайылов екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылын жоғары бағалай отырып, Қазақстан Үкіметінің биыл қазан айына жоспарланған Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндерін өткізуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Қырғызстан Президентін Үкіметаралық кеңестің 10-шы отырысының қорытындысы бойынша қол жеткізген уағдаластықтар туралы хабардар етті.