Петропавлда жетімдердің баспана кезегінен шығып қалуы бірінші рет болып отырған жоқ
Петропавлда жетімдерді баспана кезегінен заңсыз алып тастау фактісі анықталды. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінде арнайы тексеріс жүргізген прокуратура осындай 49 деректі анықтаған. Құзырлы орган өкілдері жауапты тұлғалар заң бойынша жазаланатынын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қадағалау органының ақпараты бойынша, прокурорлар әлеуметтік қорғалмаған азаматтардың баспана кезегін тексерген. Бекітілген талаптарға қарамастан, жергілікті атқарушы орган «жетімдер» санаты бойынша тұрғын үй алуға кезекке қойылған кейбір азаматтардың аты-жөні тізімде болмай шыққан.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға барлық қажетті құжаттар және өтініш берілген сәттен бастап кезек тізімінде белгіленген тәртіп бойынша бекітіледі. 2021 жылдан баспана кезегіне тұру үшін республикалық жүйеге тіркелу қажет. Ақпаратты жергілікті платформадан көшіргенде техникалық қателік болып, кейбір адамдардың аты-жөні тізімнен шығып қалған. Тексерістен кейін олардың барлығы бұрынғы тәртіппен кезекке қайта қойылды», – дейді Петропавл қаласы прокурорының орынбасары Қайсар Әбішев.
Петропавлда жетімдердің баспана кезегінен шығып қалуы бірінші рет болып отырған жоқ. Дәл осы санат бойынша тізімде тұрған қала тұрғыны Александр Рябуха «өлгендер» есебіне жатқызылып, кезектен шығып қалған болатын. Кейін әкімдік оны қалпына келтірді.
Өңірде баспана мәселесі – өзекті проблемалардың бірі. Петропавлда 15 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Оның 1800-і – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жандар. Биыл олардың 120-сын тұрғын үй қоры есебінен баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.