Олар қазір Шотландия астанасы Эдинбургте тұрып жатыр
Днепр қаласындағы балалар үйінің 52 баласы қазір Шотландия астанасы Эдинбургте тұрып жатыр. Балалар шотландиялық «Хиберниан» футбол клубының жанкүйерлерінің көмегімен қауіпсіз жерге жеткізілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Футбол жанкүйерлері 2005 жылы УЕФА кубогының матчына барғаннан кейін Днепрде жетім балаларды қолдау үшін қайырымдылық ұйым құрған. Арада 17 жылдан кейін ұйым қаладағы балалардың өмірін сақтап қалуға себепкер болды.
Ресеймен арадағы жағдайдан кейін «Днепр балалары» ұйымы Шотландия мен Ұлыбритания үкіметтерінен балаларды қауіпсіз жерге эвакуациялау үшін көмек сұраған. «Днепр балалары» деп аталатын ұйым жетім балаларды эвакуациялауды наурыз айынан бастаған.
Балалар мен олардың қамқоршылары алдымен Польшаға жеткізілген, ол жақта британиялық виза алуға көмек көрсетілген. Наурыз айының соңында балалар Лондонға ұшып келіп, қазір Эдинбургтегі патронаттық отбасыларда тұрып жатыр.
«Днепр балалары» ұйымында көп жылдар бойы жұмыс істеп келген Стивен Карр ұйым қақтығыс басталғаннан бері украин балаларын құтқару үшін мыңдаған адам қолдау көрсетіп, кеңес бергенін айтады.
«17 жыл бұрын футбол матчынан кейін басталған іс-шара бізге наурыз айының басында мүмкін мүмкін емес нәрсені жасауға септігін тигізді. Қазір балаларға қамқорлық көрсетіп жатырмыз. Балалар психологиялық тұрғыдан үлкен жарақат алды. Олардың өзі үйренген жерін тастап кеткеніне қуанышты деп айта алмас едім, бірақ жақын арада үйреніп кетеді деп үміттенемін», - дейді ұйымның төрағасы Стивен Карр.
Днепрден шығарылған жетім балалардың жас аралығы 1-18 жас аралығын құрайды.
Наталья Радченко Украинадағы «Днепрдің балаларымен» жұмыс істеген және топпен бірге Шотландияға аудармашы ретінде келген.
«Олардың бәрі ұзақ жолдан шаршады. Басында балалар өте тұйық болатын, ал қазір олардың күлімсірегенін көруге болады», - дейді Наталья.
16 жастағы Саша Днепрден Польшаға, одан кейін Шотландияға баратын жол ауыр және ұзақ болғанын есіне алды. Саша балалардың ішіндегі ең үлкені ретінде асырап алған анасына үй шаруасына көмектесіп, өзінен кейінгі кішкентайларға қарайды.
«Жас балаларға басқа елде және жаңа үйде тұру қиын, олар өзін қалай ұстау керектігін білмейді, бірақ біздің анамыз әрдайым қолдап, түсінікпен қарайды.
Соғыс көптеген жазықсыз адамның өмірін қиды. Мен жақсы көретін және алаңдайтын адамның бәрінің жағдайы жақсы болады деп үміттенемін. Днепрді сағындым және жақында ораламын деген ойдамын», - дейді Саша.
Мұнда оқушыларға арналған мектеп Украинаның онлайн-бағдарламасы бойынша білімін жалғастырады.