Педагогтарға арналған Ұлттық біліктілік тестілеуі кейінге шегерілді

Автор: Azattyq Rýhy

Ұлттық тестілеу орталығы техникалық ақауларға байланысты қиындық туындағанын мәлімдеді

Фото: yujanka.kz

Ұлттық тестілеу орталығы туындаған техникалық ақауларға байланысты педагогтарға арналған Ұлттық біліктілік тестілеуі кейінгі шегерілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«25 сәуір мен 3 мамыр аралығында өткізілетін барлық іс-шараны, оның ішінде Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингін, Білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттарын және педагогтарға арналған Ұлттық біліктілік тестілеуін кейінгі мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдауға тура келді», - делінген Ұлттық тестілеу орталығы хабарламасында.

Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсырудың жаңа күні мен уақыты туралы ақпарат келесі аптада жеке кабинеттің «Менің іс-әрекетім» бөлімінде қолжетімді болады.

Сондай-ақ техникалық себептерге байланысты тестілеуді аяқтай алмаған педагогтардың жауаптары сақталып, оларға тесті ары қарай жалғастыру мүмкіндігі беріледі.