Әскери-тарихи музей қоры Бауыржан Момышұлы туралы бірегей құжаттармен толықты

Автор: Azattyq Rýhy

Ресей қазақстандық жауынгерлердің Мәскеу шайқасындағы қаһармандығы туралы құжаттар мен материалдарды табыстады

фото www.gov.kz сайтынан

Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Ресей тарихи қоғамының делегациясымен кездесті.  Бұл туралы Azattyq Rýhy ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында тараптар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халықтың батырлығын есте сақтау жөніндегі бірлескен іс-шараларды талқылады.

Мемлекеттік әскери-тарихи музейге қазақстандық жауынгерлердің Мәскеу шайқасындағы қаһармандығы туралы бірегей мұрағаттық құжаттар мен материалдар табыс етілді.

Тыл еңбеккерлерінің ерліктерін мәңгі есте сақтауға бағытталған патриоттық жобаның тұсаукесері аясында Ресейдің тарихи қоғамы Ұлы Отан соғысындағы жеңіске баға жетпес үлес қосқан Қазақстанның елді мекендеріне «Даңқты еңбек қаласы» атағын беруді ұсынды. Тізімге он бір қала кірді: Олар – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Семей, Тараз, Орал, Өскемен қалалары.

«Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 77 жылдығы қарсаңында ата-бабамыздың ерлігін еске алуға деген тұрақты бағытымызды растайтын маңызды іс-шара өткізілуде. Ресейде құрылған «Даңқты еңбек қаласы» жобасы Қазақстанда да тиісті жалғасын табатын болады. Қазақстан соғыс жылдарында «майдан арсеналына» айналғаны, қорғаныс өнеркәсібінің негізгі базасын қажетті отынмен қамтамасыз еткені, көмір, түсті металл өндіргені, шикізат және азық-түлік базасына айналғаны, өзінде эвакуацияланған 220 фабрика мен зауытты қабылдағаны баршаға мәлім», – деді генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.

Қазақстаннан Қызыл әскерге аттанғандардың жалпы саны шамамен 1 200 000 адамды құрады, олардың тең жартысы соғыстан оралмады. 12-ші атқыштар және 4-ші атқыштар дивизиясы, 7-ші атқыштар бригадасы және полктер мен батальондардың 50-ге жуығы біздің елде құрылды.

Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін 500-ге жуық қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Одан бөлек, 700 мыңнан астам адам өнеркәсіпке жұмылдырылды. Кеңестер одағына кірген барлық елден соғыс жылдары Қазақстан 35% мыс, 83% қорғасын, 60% молибден, 65% висмут өндірді. Қарағанды облысы 35 млн тонна көмір берді. Осы уақыт ішінде тыл еңбеккерлері 5 млн тоннадан астам нан және 700 мың тоннадан астам ет өндірді. Ұлы Отан соғысы кезінде Қызыл әскердің жауға атқан 10 оғының 9-ы қазақстандық қорғасыннан құйылғаны бәрімізге белгілі.