Олар жат жерде балаларымыз әлімжеттік көре ме деп қорқады
Алматыда Республикалық спорт колледждің жабылуына сондағы тәлімгерлердің ата-аналары қарсылық білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Олар жайсыз хабарды бір апта бұрын естіген. Оқу жылының аяқталуына бір ай қалғанда 250 бала далада қала ма деп уайымдайды. Ал колледж басшылығы бұл ғимараттың орнына модульдік спорт кешені құрылатынын мәлімдеді. Оқушыларды Кәркен Ахметов атындағы Олимпиадалық резервіндегі спорт интернат-колледжіне және Шаңырақ шағын ауданындағы спорт мектебіне орналастырамыз деп сендіріп отыр.
12 спорт түріне баулитын колледж 1971 жылы ашылған. Енді, жұрт талай чемпионды шығарған оқу орнының жабылуы мүлдем қисынға келмейді деп шырылдауда. Өйткені бұл шешім 250 оқушының тағдырын бір сәтте қыл үстіне қойыпты. Шырылдаған ата-аналар оқу жылы аяқталмай жатып шығарып жіберсе, балаларымыз далада қалады деп алаңдайды.
«Балаларымыз осы жерде өсті, оқыды. Әбден осы жерге үйреніп қалды. Тазалық, тәртіп. Жаттықтырушылары да жақсы. Балалардың жетістіктері де мықты. Ешқандай мәселе жоқ. Бұны аяқ астынан жауып тастап жатыр. Біз сол жапқанына қарсы болып тұрмыз. Баламыз үшін келіп тұрмыз шырылдап», - дейді ата-аналар.
Ұлардай шулаған ата-аналардың алдына колледж басшылығы да шықты. Айтуынша бұл ғимаратты қайта құруға министрліктен хат келіп, орнына үлкен модульдік спорт кешенінің құрылысы басталмақшы. Ал оқушылар мен студенттерді осы оқу жылы толық аяқталған соң ғана Кәркен Ахметов атындағы олимиадалық резервіндегі мектеп-интернатқа және Шаңырақ шағын ауданындағы екі спорт мектебіне бөліп орналастырамыз деп сендірді. Сондай-ақ тәлімгерлерімен бірге 45 мұғалім мен 55 жаттықтырушы да ауысады.
«Республикалық спорт колледждің балалары сыртта қалмайды. Барлығы 100 пайыз орналастырылады. Ата-аналармен жеке-жеке жұмыс істейміз. Сіздермен бірлесе отырып, келісе отырып жұмыс істейміз. Әрине, спорт түрі бойынша екіге бөлінуге тура келіп отыр. 12 спорт түрінің 6 спорт түрі Кәркен Ахметовқа ауысады да, 6 спорт түрі Шаңырақ мектебіне ауыстырылады», - деді Республикалық спорт колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Ысқақова.
Жарты ғасыр тарихы бар бұл колледжде қазір 250 спортшы оқиды. Оның 75-і биыл бітірсе, 159-ы өзге білім ордасына ауыстырылатын болды. Алайда шырылдаған ата-аналар бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы. Өйткені спортта бәсекелестік пен бақталастық болғасын, жат жерде балаларымыз әлімжеттік көре ме деп қорқады.