Журналистерге арнайы ипотекалық бағдарлама ашу керек – Қанат Әуесбай
Белгілі журналист бүгінгі отандық БАҚ ахуалын тікелей қоғам көрінісімен ұштастырады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз айында жасаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында 10 саяси реформасын ұсынды. Соның бірі бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту жұмыстарына бағытталған. Президент өз сөзінде мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек екенін айтты. Azattyq Rýhy тілшісі журналистер қауымы бүгінде қандай көмектерге мұқтаж және БАҚ-тың рөлін арттыру үшін нендей әдістер керектігін белгілі журналист, педагог-ғалым, қоғам қайраткері Қанат ӘУЕСБАЙДАН сұрап білген еді.
Қанат Әуесбай бүгінгі отандық бұқаралық ақпарат құралдарының ахуалын тікелей қоғамның көрінісімен ұштастырады.
«Қоғамдағы демократиялық процестердің алға жылжуы осы БАҚ-тың дамуына тікелей байланысты. Мемлекеттердің демократиялық үрдістерінің көрсеткішін сипаттайтын халықаралық рейтингтер бар. Сол көрсеткіштерге сүйену керек. Ал өзімнің жеке көзқарасым бойынша, біз айтарлықтай алға дамып та кеткеніміз жоқ, мүлдем артта қалып та қойғанымыз жоқ. Нақты айтқан кезде, ортасында тұрмыз деуге болады. Қазіргі біздің 30 жылдық тәуелсіздігі бар мемлекетіміз үшін бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймын», - дейді журналист.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек екені айтылған. Бұл ретте еліміздегі БАҚ өкілдерінің жұмысына қатысты түрлі стереотип-түсініктер де бар. Оның басым бөлігі сөз бостандығына қатысты.
«Цензура туралы айтар болсам, еліміздегі сөз бостандығы соншалықты тұмшаланған деп айта алмаймын. Әлем бойынша сөз бостандығы 100 пайыз орнаған бірде-бір мемлекет жоқ. Ол да бір демократияның көрінісі. Біздің елімізде сөз бостандығы тиісті деңгейде бар. Бұл жерде мәселе сөз бостандығына тыйым салу емес, бірақ белгілі шектеулер енгізілген. Ол кез келген мемлекетте бар үрдіс. Болашақта да солай болмақ. Бұл мәселе заң аясында қалай реттеліп отырғанымен байланысты. Журналист өзі жұмыс істейтін басылымда жариялай алмаған дүниесін қандай да бір лақап атымен басқа ақпарат құралында жариялай алады. Тіпті ол болмаса әлеуметтік желілердегі өзінің жеке аккаунтында зерттеп отырған мәселесін ашық түрде жазуына мүмкіндігі бар. Демек біздің еліміздегі цензураның жағдайы соншалықты төмен деңгейде емес. Оның бірнеше альтернативті тәсілдерін қолдануға болады.
Мен үнемі «шындықты айту бұл – қоғамның шырқын бұзу емес» деген ұстанымды айтып жүремін. Шерхан Мұртаза атамыздың «Шындықты айту бұл – шектен шыққандық емес» деп айтқан сөзі бар. Кейде журналистер тарапынан ақпаратты бұрмалау да болады. Қазіргі уақытта фейк ақпарды тарату жиілеп кетті. Ең бастысы соны дер кезінде заң аясында реттеп отыру керек. Әрбір журналист өзінің жауапкершілігін сезінуі тиіс. «Маған бәрін жазуға болады, маған бәрін айтуға болады. Ол үшін Заң аясында мен ешқандай жауапқа тартылмаймын» деген сезім болмауы керек», - дейді Қанат Әуесбай.
«Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» журналистер қауымы елімізде ешбір әлеуметтік жеңілдікке ие емес. Өзгенің проблемасын айтқанымен, өзінің қиындығы бастан асатын маман иелерінің басым бөлігі ең бірінші кезекте баспанаға мұқтаж.
«Күйіп тұрған ең бірінші мәселе – әлеуметтік мәртебе! Оны біз 30 жыл бойы айтып келе жатырмыз. Бізде педагогтардың мәртебесі туралы Заң қабылданды. Бұдан бөлек, әскерилердің өз мәртебесі бар. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерге де түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Бізде журналистер – ең аз қорғалған маман иелері. Біз басқа мамандықтарды жарылқап, олар туралы «әлеуметтік қорғалмаған, жеңілдігі аз, олардың жағдайын жасау керек» деген сынды мәселелерді жиі көтереміз. Ал өзімізге келгенде ешқандай мәселені көтере алмаймыз. Өйткені бізде ешқандай мәртебе жоқ. Ең өзекті мәселе – баспанамен қамтамасыз ету. Бұл ретте журналистерге арналған ешбір жеңілдік қарастырылмағанын айта кеткен жөн. Бүгінде елімізде түрлі ипотекалық бағдарламалар бар. Сондай тиімді жобалардың қатарына «Қаламгер» деген сияқты жаңа бір ипотекалық бағдарламаны қосса керемет болар еді.
Өзімнің басымнан өткен бір ғана мысалды келтірейін. Мәселен әскерилер жұмысына байланысты тұрғылықты жерлерін жиі ауыстырады. Олардың балалары балабақшаға кезектен тыс алынады. Мен Атыраудан Нұр-Сұлтанға оралған кезімде баламды мемлекеттік балабақшаға беру үшін қайтадан кезекке тұруым керек болды.
Біз әлеуметтік қызметкерміз бе, әлде мемлекеттік қызметкерміз бе немесе азаматтық қандай бір басқа статус беріле ме? Міне осы мәселе заңдық тұрғыда қаралып, бекітілуі тиіс деп есептейміз», - дейді Қанат Әуесбай.
Қанат Әуесбайдың тағы бір ұсынысы қаламақы мәселесімен байланысты. Оның айтуынша, бұл журналистердің шығармашылығына шабыт беріп, ізденісін арттыруға мотивация беретін бірден бір тиімді тәсіл.
«Біздің қоғамда «Ол онсыз да жалақы алады. Неге оған қаламақы төленуі керек?» деген түсінік бар. Қаламақы – журналиске стимул беретін дүние. Ол журналистің шығармашылығында креативті, қызықты материалдардың пайда болуына ықпал етеді. Жалақы – кеңсеге келіп, күнделікті болып жатқан шараларды немесе қандай да бір шұғыл ақпараттарды жазғаны үшін берілетін төлемақы. Журналист одан ешқандай мотивация алмайды, бұл жай ғана күнделікті атқарылатын жұмыс. Ал қаламақы – сол күнделікті атқарып жүрген жұмысыңнан тыс қызықты контент жасауға ынталандыратын тәсіл», - дейді педагог-ғалым.
БАҚ саны елімізде жыл санап артып келеді. Телеарналар көрерменді түрлі жобалармен қызықтырып жатса, ақпараттық сайттар жаңалықтарды жариялау жылдамдығымен бәсекелесіп келеді. Бірақ бұл ретте біздің сараптамалық жұмыстарымыздың деңгейі әлі ақсап тұрған көрінеді.
«Бізде аналитика жетіспейді.
Өзім оқыған Британияда журналистік зерттеу өте жақсы дамыған. Мәселен бір сараптамалық материалды жазу үшін бөлімнен бірнеше адамнан құралған топ жұмыс істейді. Біреуі экономикалық жағын, екіншісі әлемеуттік тұсын, үшіншісі заң тұрғысынан зерделейді. Соңында материалдың авторлары ретінде барлығының аты-жөні теңдей көрсетіледі. Алдағы уақытта мұндай тәжірибе бізге де келеді деп ойлаймын», - дейді Қанат Әуесбай.
Мемлекет басшысы БАҚ қоғамдағы рөлін арттыру керек екенін айтқанымен, Парламенттің төменгі палатасы журналистерге қатысты жаңа тәртіп орнатты. Бұдан былай журналистерге спикердің соңынан жүгіріп сұхбат алуына рұқсат жоқ. Сондай-ақ спикер баннердің алдында БАҚ өкілдерінен 2-3 метр қашықта сұхбат береді. Айта кететін жайт, мұндай жаңашылдық көп тілшінің көңілінен шықпады.
«Мен де бұл жаңалықты естідім. Ең бастысы – шыққан материалдың сапасына қарау керек. Бұған дейін спикерден сұрақтарына еркін түрде жауап алып жүрген журналистердің материалдарын қазіргі тәртіптен кейінгі нұсқасымен салыстыру керек. Егер шынымен де материал ойдағыдай шықпаса, онда әлбетте мұндай жүйені алып тастау керек. Бірақ ешбір айырмашылық болмаса, онда ол дұрыс қабылданған шешім. Себебі әр жердің өзінің корпоравтивтік ережесі болады», - дейді журналист.
Тағы бір мәселе жас кадрларға қатысты болмақ. Журналист бүгінгі оқу орындарында берілетін білімнің сапасына күмән танытанын жасармады.
«Еліміздегі 31 жоғары оқу орнында журналистика мамандығы оқытылады. Салыстырмалы түрде айтар болсам, Кеңес одағының тұсында қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Бөкетов атындағы ҚарМУ-да ғана журналистика оқытылатын. Әрине, оқытқандары жақсы, бұл жерде мәселе сапада болып тұр. Олардың техникалық базасы қаншалықты талапқа сай, профессорлық оқытушылық құрамы мықты ма? Оқытушының ғылыми дәрежесі болуы өте маңызды. Мемлекеттік оқу орындарында оқу ақысы жоғары болғандықтан, кей жастар жекеменшік университеттерді таңдап жатады. Мейлі ол жақта практик-мамандар сабақ береді дейік. Бірақ олар қаншалықты сапалы білім беруде? Білікті кадр дайындау үшін осы мәселеге де назар аудару қажет. Өкінішке қарай, жекеменшік университеттерде грант саны аз болғандықтан, олар бұны бизнеске айналдырып жіберді. ЖОО бітірген маман сапасыз болса, онда таяқтың ұшы бүкіл журналистер қауымына тиіп кетеді. «Журналистер сауатсыз» деген түсінік те осыдан шығады. Сондықтан да кадр дайындау мәселесіне де ден қою керек», - дейді ол.
Бүгінде жала жабу, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiрген жағдайда азамат Қылмыстық кодекс бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл журналистердің материалдарына да тікелей қатысты мәселе.
«Жала жабу көбейіп кетті. Осыған байланысты Қылмыстық кодекске арнайы бап енгізіліп, бұдан былай жала жапқан адам жазаға тартылады. Оның ішіне журналистер де кіріп кетіп отыр. Яғни жеке адамның жеке басына тиетін ақпарат жазылған болса, онда журналист қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мәселен БАҚ-қа қатысы жоқ адам өмірінде бір рет қана сондай нәрсе жазып, жазаға тартылуы мүмкін. Ал журналист ол күнде ақпарат жазатын маман. Оның жұмыс барысында қателесуі әбден мүмкін. Осы мәселені де Жолдауда айтылған БАҚ рөлін арттыруға қатысты саяси реформада қарастыру керек деп ойлаймын. Неге ол қылмыстық жауапкершікке тартылуы тиіс? Ол бар болғаны, дереккөзден алған ақпаратын таратты. Қылмыстық жауапкершілік өмір бойына қара таңба болып қалады. Ертеңгі күні ол жұмысқа да орналаса алмайды. Заң шығарушы органдар осыны назарға алса дұрыс болар еді», - дейді Қанат Әуесбай.