Салдарынан жол жөндеу жұмыстары уақытынан кешігетін болды
Алматының «Ұлжан-2» шағынауданында жол құрылысымен айналысып жатқан жұмысшылар екі айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Олар жыл соңына дейін 21 көшені жөндеп бітіруі тиіс болатын. Алайда, соңғы бірнеше күннен бері жұмыстар тоқтап қалған. Наразы топ кеше көшеге шығып, жергілікті билік пен жұмыс беруші компанияға өз талаптарын қойды деп хабарлады «Алматы» телеарнасы.
Жұмысшылардың дені өзге өңірлерден келген. Олар үйлерінің жалғыз асыраушылары.
«Жалақыны әр айдың 10-на береміз деп келіскен. Бірақ, қазір екінші ай болды, әлі ақшамызды ала алмай жүрміз. Несиеміз бар, отбасымыз бар», – дейді жұмысшы Ізет Мұратов.
Мердігер компанияның өкілі болса жалақының небәрі 10 күн кешіктірілгенін айтып ақталды.
«Екі емес, тек бір айдың жалақысын ғана кешіктірдік. Бүгін аванс береміз, қазір проблеманы шешу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – дейді «Дәулет-дорстрой» ЖШС құрылыс бригадасының басшысы Айбар Әубәкіров.
Құрылысшылардың сөзінше, жалақының берілмеуіне қаржылай қиындықтар себеп болған. Тапсырыс беруші қалалық мобильділік басқармасы қаржыны толық аудармаған дейді. Сол себепті біздің еңбекақымызды кешіктіріп жүр дейді жұмысшылар. Ал, басқарма белгіленген қаражат мердігер компанияға уақытылы аударылғанын алға тартуда.
«Жүргізілген құрылыс жұмысына сай қаржы игерілген. Қазір біздің тарапымыздан берілген өтініш бойынша республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Оған қоса, жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қарастырылады деп жоспарланып отыр», – деді Алматы қаласы Мобильділік басқармасының бөлім басшысы Асан Бостанов.
Құрылысшылардың жалақысы нақты қашан берілетіні белгісіз. Соның салдарынан «Ұлжан-2» шағын ауданындағы құрылыс жұмысы да бірнеше мерзімге шегеріледі.