Шымкентте такси жүргізушісі зейнеткерлерді тегін тасып жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Клиенттері Асан Боқаевты мейірімді такси жүргізушісі деп атайды

Фото: otyrar.kz

58 жастағы шымкенттік таксист Асан Боқаев жұма сайын зейнеткерлерді тегін тасып жүр. Жүргізуші екі жылдан астам уақыттарн бері қасиетті Рамазан айында қайырымдылықпен айналысады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Клиенттері Асан Боқаевты мейірімді такси жүргізушісі деп атайды. Ол екі жылдан астам жұма сайын қарттарды тегін тасып жүр. Ол бұрын түрді жұмыс істеп, тіпті базарда көмір саудасымен де айналысқан екен.

Ауыр еңбек денсаулығына әсер етіп, Асан инсульт алыпты. Ер адам қарттарға көмектесу туралы ой өзі науқастанып, емделіп жүрген кезінде келгенін айтады. 

«Мен инсульт алып қалдым. Емделіп жүрген кезде осындай ой келді. Зейнеткерлерді тегін алып жүру керек деп шештім. Бірақ жас жігіттерден ақша аламын. Өйткені, жанармайға ақша керек емес пе», – дейді Асан Боқаев.

Үлкен жетістіктерге апарар жол кішкентай жақсылықтан басталады дейді жолаушылар. Шымкенттіктер Асанның бұл бастамасын өзге жүргізушілер де қолдайды деп сенеді.

«Мен өзім такси жүргізушісінің адамдарды тегін таситынына сенбейтінмін. Содан осы кісінің ауруханадан адамдарды қалай алып кетіп жүргенін өз көзіммен көрдім. Асан Боқаевты Шымкентте көп адам таниды. Жұма күні оны күтіп, бірге кетіп бара жатқан адамдарды көп көрдім. Қазақстанда осындай жанашыр жандар көбейеді деп сенемін», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ақназар Арыслан.

Асан Боқаев бір күнде 30 шақты зейнеткерді тегін жеткізеді. Оның айтуынша, өзгеге жасаған жақсылығы бойына күш беріп, көңіл күйін көтереді.

Шымкенттегі облыстық эндокринологиялық диспансерге қарама-қарсы тұрақта қарт адамдар тегін таксиге отыра алады.