Олар Президент Жарлығын қолдайтындарын айтты
Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, қоғам қайраткері Төлеген Қуанышев, сондай-ақ заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есберген Алауханов мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өз сөзінде елорданың Қоғамдық кеңесінің мүшесі Төлеген Қуанышев бюрократиялық жүйелер біздің мемлекетіміздегі қолданыстағы заңдармен тығыз байланыста екенін айрықша атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы қол қойған Жарлығын мен толығымен қолдаймын. Бұл Жарлықты жүзеге асыру оңайға түспейтіндігін атап өткім келеді. Себебі бюрократиялық жүйелер біздің мемлекетіміздегі қолданыстағы заңдармен тығыз байланыста. Сол себепті бюрократияға орасан зор теріс ықпалын тигізетін заңдарға сараптама жүргізіп, айқындалған кедергілерді заң шеңберінде реттегеніміз дұрыс болады», - деді Қоғамдық кеңес мүшесі.
Сөзін жалғай отырып, бюрократиялық тығырықтан шығу жолдарының бірін атап өтті.
«Жарлықтағы бюрократиялық тығырықтан шығу жолдардың бірі – ол электрондық жүйелерді кеңінен қолдану қажеттігі туралы бапты дұрыс деп есептеймін. Бүгінге дейін Egov.kz платформасының тиімді жұмыс істеп жатқанының куәсі болып келеміз. Кейбір маңызды әлеуметтік-экономикалық салалар мұндай жолға көше алмай жатыр. Осы салаларды дамытуға күшімізді, қаржымызды аямай жұмсауымыз керек. Сонда ғана Жарлықтағы көздеген мақсатымызға жететініміз анық», - деді Төлеген Қуанышев.
Өз кезегінде заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есберген Алауханов мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қатысты пікір білдірді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл дер кезінде қабылданған заң актісі болып табылады. Қазіргі цифрландыру кезеңінде Мемлекет басшысының барлық атқарып жатқан жұмысы бүкіл медиаресурстарда көрініп тұр. Қандай заң мен Жарлыққа қол қойылғандығы, Президент мен Үкімет қабылдап жатқан бүкіл заңды біз қарап отырмыз. Бұл – жаңа Қазақстанның алғашқы қадамдарының дәлелі. Президент аппаратында жұмыс істейтіндердің жұмыс тиімділігін арттырады. Адамдардың жазған шағым хаттары мен ұсыныстары дер кезінде түседі де, уақытылы қаралады.
Бұрындары алдымен кеңсеге түсіп, ол кеңседен бір басшының қолына тиіп, ол басшыдан одан жоғары басшыға, инстанция жағалап, бұрыштама қол қойылғанына көп уақыт кететін еді. Ал енді Президентіміз бюрократиядан арылудың өте жақсы жолдарын көрсетіп отыр. Заң үстемдігі орнады деген мәселе бүгіннен бастап туындады. Әлемде заң жұмыс істейді. Бізде де заң үстемдігі жұмыс істей бастады. Зайырлы, құқықтық мемлекетте тұратындығымызды біз тағы да сезініп отырмыз. Сондықтан осы заңға сәттілік тілейміз. Осы заң халық үшін жақсы қызмет атқарады деп ойлаймын», - деді қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі Есберген Алауханов.