Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының жалақысы өсе ме?

Автор: Еркежан Айтказина

Мәжілісте министр Бағдат Мусин осы сауалға жауап берді

Фото: egemen.kz

Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің айлығын көтеру мәселесі бойынша Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«2016 жылдан бері халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтін қызметкерлердің айлығы көтерілген жоқ. Олардың әлеуметтік пакеті де шағын. Біз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі негізсіз шығындарды азайтып, соның есебінен орталық қызметкерлерінің айлығын көтеруді ұсынған болатынбыз. Бірақ халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарын қысқартып, соның ақшасын қалған қызметкерлерге үлестіріпті», - дейді депутат.

Өз кезегінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл ақпараттың рас екенін мойындады.

«Бұл өте маңызды сұрақ. Биыл халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерігің айлығын 25 пайызға өсірдік. Бұл қаражат корпорация резервіндегі қаражат есебінен болды. Енді бюджетті қайта нақтылау кезінде қызметкерлердің айлығын тағы 25 пайызға өсіреміз», - дейді министр.