Қазір тергеу амалдары жүргізілуде
Қаржы мониторингі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департамент қызметкерлері GAP деп аталатын қаржы пирамидасын ұйымдастыру дерегін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 217-бабы 1-бөлігі «Қаржы пирамидасын құру және басқару ісі» негізінде сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында ұйымдастырушылар өздерін GAP тұтыну кооперативі ретінде танытып, тұрғындарға ақшаларын жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуға салуды ұсынған. Бұл ретте азаматтар кезекке тұру үшін тұрғын үй немесе автокөлік құнының 10% бастапқы жарнасын төлеуі қажет болды. Осылайша, ұйымдастырушылар қаржы пирамидасына активтерді тартуды қамтамасыз еткен. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген департамент таратқан мәліметте.
Айта кетейік, қаржы пирамидасына қатысты кез келген деректі Қаржылық мониторинг агенттігінің сенім телефондарына немесе әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларға хабарлауға болады.