Алматы облысында 80 жастағы қария бір адамның өмірін қиған жол апатына себеп болды

Автор: Azattyq Rýhy

Полиция жол апаты фактісі бойынша қажетті сараптаманы тағайындады

Фото ашық дереккөзден

Алматы облысында 80 жастағы зейнеткердің әрекеті салдарынан үш көлік соқтығысты, бір адам қайтыс болды. Бұл туралы Алматы облысы ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды. Видеода жол апатына түскен үш көлік түсірілген: екі көлік жолдың үстінде, бірі жол жиегінен шығып кеткен. Видео авторы оқиға Алматы – Бақанас автожолында болғанын айтады.

Алматы облысының полиция департаменті бұл фактіні растады. Алдын ала болжам бойынша апат көлік тізгініндегі 80 жастағы зейнеткердің әрекеті салдарынан болған.

"Volkswagen Golf, Volkswagen Getta және Mitsubishi Galant автокөліктері жол апатына түсті. Автокөліктің бірінің рөліндегі қарт жүргізуші алдындағы көліктен озамын деп қарсы бағытта келе жатқан автокөлікпен соқтығысқан, одан кейін инерциямен бір бағытта келе жатқан автокөлікпен соқтығысқан", - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Жол апаты салдарынан бір адам қаза тауып, үш адам жарақат алды. Зардап шеккендер Қапшағай ауруханасына жеткізілді.

Полиция жол апаты фактісі бойынша қажетті сараптаманы тағайындады. Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша тергеу басталды.