СҚО-да ауыл тұрғындары көлден айналаға тарап жатқан жағымсыз иіске шағымданды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Көлдің аумағы 70 гектар, тереңдігі небәрі 1,5 метр

Солтүстік Қазақстанның Қызылжар ауданы Бугровое ауылында балық қырылды. Бұл жөнінде елді мекен тұрғындары құзырлы органдарга өздері хабарлаған. Көпшілік айналаға тарап жатқан жағымсыз иіске шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Дегенмен Бугровое ауылында өлген балықты сүзіп алып, үй жануарлары мен құстарға азық ретінде беріп жатқандар да бар.

«Қыста малды суару үшін суат ойылатын. Осылайша балықтарға оттегі барады. Биыл тұрғындардың барлығы үйлеріне құбыр тартты. Көлден ешкім су алмайды. Тұншығып қалған балық мұз ерігенде қалқып шығып қалды. Балықты сүзіп үйге әкелдік. Жағымсыз иіс шығып тұр. Өзіміз жемейміз. Мысықтарға беруге жарайды», - дейді ауыл тұрғыны Галина Бузуглая.

«Өткен жылы өліп жатқан бірен-саран балық көрдік. Биыл енді көп. Жел балықтарды жағаға шығарып тастаған. Көл таяз, сондықтан суы аз. Әрі көлдің нақты иесі жоқ. Сондықтан ешкім көлде не болып жатқанын бақыламайды», - дейді ауыл тұрғыны Любовь Абрамова.

Мамандар судан сынама алды. Қырылған балыққа да сараптама жасалады. Алдын ала болжам бойынша су маржандары қыста тұншығып қалған. Көлдің аумағы 70 гектар, тереңдігі небәрі 1,5 метр. Қанша балық қырылып қалғаны әзірге белгісіз.

«Жергілікті атқарушы органға қырылған балықты жою жөнінде нұсқау берілді. Бүгін алынған сараптама нәтижесі 5 күннен кейін дайын болады. Бұл су қоймасы – резервте. Қыста әкімдік аэрация жасауы керек еді. Облыста 500-ден астам су қоймасы болса, оның 100-ден астамында аталған шара жүргізілді», - дейді СҚО бойынша балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің жетекшісі Эльдар Кәкімов.

Өңірдегі 500 көлдің жартысынан астамы жалға берілген. Қалғанының қараушысы жоқ.