Бұл мектептің құрылысына бюджеттен жарты миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалыпты
Қызылорда облысында оқушылар ауыл әкімдігінің ескі ғимаратында оқып жүр. Арал ауданына қарасты Жіңішкеқұм ауылдық округінің мектебі апатты жағдайда тұр. Салынғанына небәрі 6 жыл ғана болған жаңа мектептің қабырғалары мен төбесі жарылып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ауыл мектебі 2015 жылы пайдалануға берілген. 200-ден астам бала оқитын мектепті салуға бюджеттен жарты миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Алайда шалғай ауылдың тұрғындары тәуелсіздіктен бері күткен мектеп сапасыз салынған болып шықты. Ғимараттың едені бүлініп, кабинеттердің қабырғасы жарылып кеткен. Парламент Мәжілісінің депутаты, халықтың ақшасына сапасыз ғимарат тұрғызатындарға өте қатаң шара қолдану керек екенін мәлімдеді.
«Мектеп ортасынан қақ айырылған деуге болады. Бейне бір соғыс болған сияқты. Бұл масқара! Осы сияқты сапасыз ғимараттар тек Қызылорда облысында ғана емес, ел көлемінде көп. Оқушылар әкімдікте оқып жатыр. Көрші ауылдан балалар да қатынап оқиды екен», - деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских.
Ауыл тым шалғайда орналасқан. Аудан орталығын жалғайтын жол батпақ. Құлағалы тұрған мектептің қашан жөнделетіні де белгісіз. Депутат мұндай келеңсіздіктерді тоқтаудың жолдарын да ұсынды.
«Жаңа Қазақстанды құратын болсақ идеологияны ең алдымен әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттауымыз қажет. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуіміз керек. Одан бөлек халықтың ақшасына сапасыз мектеп, аурухана сынды дүниелерді салатын мердігер компанияларды тендерге қатыстырмау керек. Тіптен басшысын қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет. Істелген жұмыстың сапасына қатысты кепіл мерзімін де ұзартқан дұрыс. 1,5-2 жылға кепілді ұялы телефон сатып алсаңда береді. Оның қасында бұл үлкен ғимарат. Мемлекеттік тапсырыспен ғимарат салатындарға кепілдік мерзімін 10 жылға дейін ұзарту керек. Дәл осы мерзімде құрылыстың сапасы бұзылатын болса мердігер компанияның иесін жауапқа тартатындай, шығынды қалтасынан шығаратындай шаралар қабылдайтын уақыт жетті. Қатал шаралар кейде нәтижесін береді», - деді депутат.
Бір жылдан аса апаттық жағдайда тұрған мектептің алдағы тағдыры да, балалардың тағы қанша уақыт әкімдікте оқитыны да белгісіз. Аталған жағдайға қатысты Арал ауданының әкімдігі ешқандай мәлімет бермеді. Қазынадан бөлінген қаржының осы ауданда тиімсіз жұмсалуы бірінші рет емес. Сексеуіл кентінде 40 төсектік аурухана салуға 800 млн теңге қарастырылғанмен, 2019 жылы қаңқасы ғана қаланған ғимарат сол қалпы тоқтап қалған еді.
«Республикалық бюджеттің қайда, қалай бөлінетіні сәуір айынан бастап анықтала бастайды. Әрбір облыстың, аудан басшылары Қаржы министрлігіне өтінімдерін бергенде, болмайтын, қажетсіз іс шараларға құжат жібермей, халықтың мәселелерін шешетіней проблемаларға көңіл бөлу керек», - деді Шиповских.