Аурулардың алдын алу үшін бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлінбек
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында атқарушы биліктің пандемиядан қандай сабақ алғаны туралы, сондай-ақ еліміздегі денсаулық сақтау саласына қатысты қандай өзгерістер қажет екенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бірінші кезекте күн тәртібінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметті одан әрі күшейту мәселесі тұр. Вирус дегеніміз не? Оны көзбен көрмейсің, қолмен ұстай алмайсың, бірақ бұл – үлкен қауіп-қатер. Пандемия ұлттық биоқауіпсіздік мәселесін алға тартты. Сондықтан мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, ғылыми қызметті ұйымдастыру және білікті кадрлар даярлау, сондай-ақ биологиялық қатерлерді болжау, анықтау, талдау және бағалау жүйесін дамыту мәселелеріне бірінші кезекте назар аудару маңызды», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Оның айтуынша, бұл халықтың денсаулығына ғана емес, ветеринария саласына да қатысты.
«Ел аумағында ветеринариялық препараттардың 19 өндірушісі тіркелген. Мысалы, 2021 жылы вакциналардың 16 түрі өндірілді, бұл барлық қажеттіліктің 76,2%-ын құрайды, 2019 жылы – 12 түрі (66,7%), 2020 жылы – 14 түрі (70%).
Сыртқы сын-қатерлерге біз өзіміздің жарақтандырылған зертханаларымыз бен кәсіби ғылыми кадрларымыз болса ғана қарсы тұра аламыз. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда иммунобиологиялық препараттар шығаратын жаңа биофармацевтикалық зауыт салынып, іске қосылды», - деді Е. Тоғжанов.
Премьер-министрдің орынбасары коронавирус құрбандары көбінесе созылмалы аурулары бар адамдар болғанын, демек адамдар өз денсаулығына деген көзқарасын өзгертуі керек деген ой айтты.
«Менің ойымша, көпшілігіміз адам денсаулығының 50%-ы өмір салтына байланысты екенін түсіндік. Денсаулықты бірқатар фактор қалыптастырады. Бұл – экология, адамның қанындағы тектік ақпарат және жаман әдеттер. Сондықтан болашақта республикада алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру көлемі бүгінгі 54%-дан 64%-ға дейін ұлғаяды, «Дені сау ұлт» бағдарламасы қабылданады. Барлық күш-жігерді емдеуге емес, аурудың алдын алуға бағыттау маңызды. Өйткені емдеу – ол аурудың салдары, ал біз себебімен күресуіміз керек.
Бұл тұрғыдан біз бірқатар жүйелі шараны қарастырдық: құрамында қанты бар сусындарға акциздерді енгізу (2023 жылдан бастап 20%-дан 2025 жылға дейін 45%-ға дейін); темекі өнімдеріне акцизді кезең-кезеңімен арттыру (2022 жылдан бастап 2025 жылға қарай 10,8%-дан 19,0%-ға дейін); аурулардың алдын алу мәселелеріне халықты кеңінен тарту. Осы және басқа да шаралар кешенді түрде 2025 жылға қарай саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 30%-дан 45%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Ералы Тоғжанов.
Ол сондай-ақ аурулардың алдын алу үшін бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлінетінін жеткізді. Атап айтқанда, 2025 жылға қарай спортпен айналысатындардың көрсеткішін 50%-ға дейін жеткізу міндеті қойылған. Жақын жерде спорттық инфрақұрылым болмаса да, күніне бес мың қадам күнделікті таза ауада серуендеу үлкен сауықтыру әсерін береді.