Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері сыйлықты ақшасын төлеп, өздеріне қалдыра алады

Автор: Azattyq Rýhy

Қаулыға премьер-министр Әлихан Смайылов 2022 жылғы 11 сәуірде қол қойды

Фото ашық дереккөзден

Қазақстанның нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі сайтында Үкіметтің 2022 жылғы 11 сәуіріндегі қаулысы шықты. 2002 жылдың 26 шілдесіндегі №833 "Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрі пайдаланудың кейбір мәселесі" бойынша өзгерістер енгізілді. Бұл бөлімде мемлекеттік қызметшілерге бір рет берілген сыйлықтар кіреді. Енді оларды сатып алу-сату шарты бойынша сатып алуға болады, алайда басшылықтың мақұлдауы қажет. Сыйлықтың құны “Қазақстандағы бағалау қызметі туралы” заңымен белгіленеді.

"Сыйлықты сатып алу уәкілетті орган мен сыйлықты тапсырған адам арасындағы сатып алу-сату шарты бойынша жасалады. Ол уәкілетті орган сыйлықты алған адамнан хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде жүзеге асырылады", – делінген қаулыда.

Сыйлықты толық төлегеннен кейін және қабылдау-тапсыру актісі бойынша ғана алуға болады.

Қаулыға премьер-министр Әлихан Смайылов 2022 жылғы 11 сәуірде қол қойды. Ол күшіне еніп қойды.

Ал бұған дейін қазақстандық шенеуніктерге кез келген сыйлықты қабылдауға заң жүзінде тыйым салынған болатын.