Петропавлдағы ЖЭО-ны күрделі жөндеуден өткізуге 17,5 млрд теңге бөлінеді – Б.Ақшолақов

Автор: Azattyq Rýhy

Орталықтың жаңа мұржасын тұрғызуға шамамен екі жыл керек екен

Фото ашық дереккөзден

ҚР Энергетика министрі СҚО-ға сапары барысында жақында мұржасы опырылып түскен ЖЭО-ға барып, ондағы атқарылған жұмыстармен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Атқарылып жатқан жұмыстарды көрдік, тағы бір рет тексердік. Жол картасында күрделі жөндеуге 17,5 млрд теңге бөлу көзделген. Алайда акционерлерге Жылу орталығындағы жөндеу жұмыстары меншік иесінің есебінен жүргізілуі қажет екенін айттық. Тарифтер қымбаттауы мүмкін. Бірақ ол жөндеуге қажет қаражатты шығарумен байланысты емес, оған көмірдің және көлік шығындарының артуы себеп», - деді Болат Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, жөндеу жұмыстарын созып алмай, ертерек бастау керек. Өйткені, елдің солтүстігінде жаз қысқа. Жарты жылдан кейін қайта жылыту маусымы басталады.

 «Елдің басқа өңірлерінен осындай орталықтардың инженерлері келді. Жөндеудің оңтайлы нұсқасын қарастырды. Біздің қазіргі міндет – жылыту маусымына тас-түйін дайындалып, 9 қазандықты іске қосу. Техникалық тұрғында екі мұржаны ғана қолдануға болады. Қазандықтарды қайта қосу керек, екі мұржа 9 қазандыққа шыдас береді. Қыркүйек айына дейін 7 қазандықты жөнге келтіріп, тағы екеуін қазан айында іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деді министр.

Орталықтың жаңа мұржасын тұрғызуға шамамен екі жыл керек. Қазіргі уақытта жартылай опырылып түскен мұржаның іргетасын пайдалану жайы қарастырылып жатыр.

«Іргетасы мықты болған жағдайда мұржаны әрі қарай көтеріп саламыз. Бірақ қателікке бой алдырғымыз келмейді, сондықтан дұрыстап зерттелетін болады. Зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұржаның толық бұзылатынын немесе құлаған жерінен бастап қайта салынатыны белгілі болады», - деді Болат Ақшолақов.