СҚО еріктілері есін жоғалтқан әйелдің туыстарын іздестіруде

Автор: Azattyq Rýhy

Полицейлер қазір оның жеке тұлғасын анықтау шараларын жүргізіп жатыр

фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен

Солтүстік Қазақстан еріктілері есін жоғалтқан әйелдің туыстарын іздестіруде. Ақжар ауданынан Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылындағы медициналық мекемеге құжаттары жоқ егде жастағы әйел жеткізілген. Ол өзін түрлі  тектермен атап, туған жылы мен тұратын жерін айта алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Медициналық қызметкерлер әйел туралы ақпаратты полицейлер мен еріктілерге жіберген. Қазіргі уақытта аудандық полиция бөлімінің мамандары әйелдің жеке тұлғасын анықтау мақсатында тиісті шараларды қабылдап, оның айтқан мәліметтерін тексеріп жатыр.  «Lider.kz» еріктілер қозғалысының өкілдері әлеуметтік желілерде оған қатысты ақпарат  таратып, оны танитын адамдардың хабарласуын сұрады.

Еріктілер ұйымының үйлестірушісі Кристина Ашпекованың айтуынша, әйелдің жағдайына бейжай қарамайтын солтүстікқазақстандықтар көмек қолын созып, әйелге уақытша баспана берген. Онымен кездескен адамдардың сөзіне қарағанда,  ол облыс аумағы бойынша өтіп бара жатқан көліктермен жүрген, бейтаныс адамдарға барып, түнеуді сұранған, сондай-ақ өзі туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер айтқан.

«Қазіргі уақытта әйелдің жеке тұлғасын анықтау мақсатында іс-шаралар қабылдануда. Бағдарлар қалалық басқарма бөліністеріне және аудандық полиция бөлімдеріне, Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарына жіберілді. Тек нақты мәліметтерді білетін азаматтарды хабарласуды сұраймыз. Еріктілердің іздестіру жұмысындағы үлесін атап өткен жөн. Еріктілер – полицейлердің із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру шарасындағы сенімді серіктестері», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Марат Жұмалиев.