Петропавлда айып тұрағында жанып кеткен көлік иелері шығынды өтеуді талап етті

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Өрт оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған

Петропавлда айып тұрағы өртеніп, 6 көлік жанып кетті. Тағы 4-не айтарлықтай зақым келген. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал көлік иелері өрттен келген шығынды кімнен талап етерін білмей дал, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі.

ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІК ӨКІЛДЕРІ КӨЛІК ИЕЛЕРІН ТҰРАҚҚА КІРГІЗБЕДІ

Кеше кешке қамыстан шыққан от тұраққа жетті. Ал бүгін нысанның алдына жиналған көлік иелері есікті ашуды талап еткенімен, қалалық әкімдік өкілдері көпшіліктің талабын орындамады. Өйткені тергеушілер бөгде адамдарға ішке кіруге тыйым салған. Арнайы айып тұрағы қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қарамағында. Қазір нысанда 500-ге жуық түрлі техника тұр. Солардың бірі Екатерина Лобанчукке тиесілі. Айып тұрағының есігі ашылмағандықтан, ол алып қоршаудың үстінен сығалауға мәжбүр болды.

«Есікті ашпағандықтан қоршауды сығалап жүрдім. Бірақ өз көлігімді көре алмадым. Кеше өрт болып жатқанын әлеуметтік желіден білдік. Осында келгенше жаным тыныштық таппады. Бүгін де нәтиже жоқ. Ештеңе біле алмадық. Көлігімнің айып тұрағында тұрғанына 1,5 жылдан асты. Мүлікті тәркілегенде бізге ешқандай құжат берілген жоқ. Егер менің көлігім жанып кетсе, оның осында тұрғанын дәлелдей де алмаймын. Енді бүгін әкімдік өкілдері бізді ішке кіргізбей қойды. Есікті құлыптап тастаған. Өз көлігімнің жағдайын көргім келеді. Күйіп кеткен де болар. Мүлкімді қолхат арқылы қайтарып беруді талап етемін. Кеше жанған қамыс ертең қайта тұтануы да мүмкін», - дейді Екатерина.

 

«Кеше «қамыс жанып жатыр» деп бізді осы жаққа жібермеді. Қамыс емес, біздің көлігіміз өртенді. Өрт сөндірушілер дер кезінде келсе, мүлікті аман алып қалуға болатын еді. Бірақ олай болмады. Өкінішті. Енді бүгін де өз иелігіміздегі заттарға жете алмай жүрміз. Ешқандай қауіпсіздік сақталмаған. Көліктердің арасында бос жер жоқ. Егер өрт мүлде сөндірілмесе, көліктердің барлығы жанып кетер еді», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Наталья Гапченко.

ТҰРАҚТАҒЫ КӨЛІКТЕРДІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ КОНТРАБАНДА ФАКТІСІ БОЙЫНША ТӘРКІЛЕНГЕН

Өткен жылы облыстық экономикалық тергеу департаменті Ресей арқылы Жапониядан Қазақстанға қымбат автокөліктерді заңсыз тасымалдаған топты құрықтаған болатын. Қоймадан сатылып үлгермеген 60 темір тұлпар табылды. Алаяқтар жылжымалы мүлікті ел аумағына қосалқы бөлшек ретінде өткізіп, кейін ресейлік жалған құжатпен мемлекеттік номер жасап, сатқан. Қазақстанға 1500 көлік кіргізілгені анықталды. Олардың барлығы заттай айғақ ретінде тәркіленіп, басым көпшілігі Петропавл қаласындағы айып тұрағында тұр. Олардың иелеріне қайтарылар-қайтарылмасы әзірге белгісіз. Дегенмен көпшілік өз мүлігіне қайта иелік етуге үмітті.

«Қамыс жанып, от автотұраққа жетті. Оны кімнің жасағаны белгісіз. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатқан аумақ болғандықтан тұраққа кіруге тыйым салынған. Мен оған ештеңе істей алмаймын. Өрттен келген шығын көлемі есептелген жоқ. Оны кім өтейтінін сот шешеді. Бұл мәселе біздің құзіретімізде емес», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Игорь Росинскийдің де жылжымайтын мүлкі тәркіленіп, айып тұрағына қойылған. Контрабанда фактісі бойынша қылмыстық іске заттай айғақ ретінде тіркелген. 

«Айып тұрағына кіріп, мүлкіміздің бар-жоғын көргіміз келеді. Кімнің көлігі жанып кеткені белгісіз. Қалалық әкімдік өкілдері тергеу жүріп жатқанын айтты. Бірақ біз ешқандай тергеушіні көрмедік. Көліктерді сақтау талаптары дұрыс емес, сондықтан осындай жағдай болды. Шіріп кете ме деп ойлап жүргенде жанып кетті. Көлігімізді ала алмай  құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүрміз. Олар бізге хат жазумен ғана шектеледі. Мәселені шеше алмадық. Тоқаевтың «Еститін мемлекет» қағидасы осы айып тұрағында көліктері тұрған 500 адамға қатысы жоқ сияқты», - дейді Игорь Росинский.

ӨРТ ОҚИҒАЛАРЫ ЖИІЛЕП КЕТТІ

Қазір өңір өрт сөнірушілері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Облыста соңғы тәулікте 60 гектар жер жанып кетті.

«Барлық жерде қамыс жанып жатыр. Биыл көктем ерте келді. Күн жылынды, жаңбыр жоқ. Учаскелердің көбінің иесі жоқ. Жағдайын ешкім қадағаламайды. Өрт салдарынан «Ренет» және «Кировец-3» саяжай қоғамдастықтарында 201 түрлі құрылыс – монша, үй-жай, дәретхана, қора-қопсы жанып кетті. Дәл қазіргі сәтте бұдан басқа 3 жерде өрт сөндірілуде. Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Әзірге басқа өңірлерлерден көмек шақырту қажеттігі туындаған жоқ», - СҚО ТЖД Рамиль Камалов.

Бір күнде 101 қызметіне 46 шақырту түскен. Солардың бірі Былғары зауыты ауданында тіркелді. Қамыстан шыққан өрттен тұрғын үй жанып кетті. Адам шығыны тіркелген жоқ.  Оқыс оқиға кезінде иелері үйінде болмаған. Облыста соңғы екі аптада 250 қамыс өрті тіркелді. Бірақ айыптылар табылған жоқ. Өрт қауіпсіздігін сақтамаған 30-дан астам адамға айыппұл салынды.