Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері республика бойынша 11 елдімекендегі 192 тұрғын үй еріген қар суының астында қалды
Бүгінде еліміз бойынша су тасқыны қаупі бар 1 010 елдімекен анықталды. Жал картасы аясында біраз аймақтардың қауіптілігі сейілді. Десе де 285-інде су басу ықмиалдығы сақталып отыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Сенаттың жалпы отырысында баяндады.
2017 жылдан бастап Төтенше жағдайлар министрлігі әзірлейтін Су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол карталарын іске асыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
«Мәселен 180 мыңнан астам халқы бар 340 елді мекенде қауіп-қатер жойылды және 231 мыңнан астам халқы бар 385 елдімекенде қауіп-қатер барынша азайтылды, су басудың ықтимал қаупі 285 елдімекен үшін сақталып отыр, оның ішінде 132-сі бұрын картамен қарастырылмаған», - деді өз сөзінде министр.
Ведомство басшысының мәліметінше, су тасқыны кезеңі басталғаннан бері республика бойынша 11 елдімекендегі 192 тұрғын және 78 саяжай үйі, 3 әлеуметтік нысан еріген қар суының астында қалды. Суды бұру жұмыстары толығымен аяқталды.
Ауқымды су тасқынына қарамастан, халықты көшіру және хабардар ету уақтылы жүргізілді, адам шығыны болған жоқ.
«Барлығы 1 595 адам эвакуацияланды, оның ішінде 15–і уақытша эвакуациялау пунктеріне орналастырылды, 1 580-і үйлеріне оралды. Облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың 20 учаскесінде су тасқыны жалғасуда, 6 учаске және жергілікті маңызы бар 3 көпірді су шайды. Екі мың текше метрден астам еріген қар суы сорылды. Жоюға барлығы 2 285 адам, 778 бірлік техника, 350 су сорғыш құрал және 18 жүзу құралы жұмылдырылды. Оның ішінде ТЖМ жеке құрамынан 775 адам, 188 бірлік техника, 111 су сору құралы және 13 жүзу құралы», - деп нақтылады Юрий Ильин.
Сөз соңында Министр су тасқыны кезеңі жалғасып жатқанын және министрлік адамдардың өліміне жол бермеу және залалды азайту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.