Оқиға бүгін кешкі сағат жетінің шамасында болған
Түркістан облысында автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, үш адам мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ішкі істер министрлігінің медиа орталығына сілтеме жасап.
13 сәуір сағат 19:00 шамасында Сарыағаш АПБ-ға Сарыағаш-Шымкент тас жолында болған жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы, аудандық полиция бөлімі және прокуратураның басшылығы шықты.
Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, сағат 19:00 шамасында 30-ға жуық жолаушысы бар Yutong автобусы Шымкент қаласы бағытына қозғалған. Осы сәтте қарсы беттен Audi 100 автокөлігі шығып, автобуспен соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан Audi 100 автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Сондай-ақ автобустың тағы төрт жолаушысы түрлі дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайы мен қайтыс болғандардың жеке басы анықталуда», делінген хабарламада.