Қазақстанда 9-сынып түлектері колледжде 100% тегін оқиды
Аталған жаңашылдық 2025 жылдан бастап енгізіледі
Колледжде оқитын студенттер енді бұрынғыдай 4 жыл қатарынан жүрмейді. Олардың қанша жыл білім алатыны Білім және ғылым министрлігі бекіткен жоспармен жүргізілмейді. Кәсіптік білім алушылардың оқу мерзімі енді өндірістік кәсіпорындармен келісілген нақты білім беру бағдарламаларына және жұмыс берушілерге қажетті оқыту нәтижелеріне байланысты болмақ.
Колледжге түскісі келетін талапкерлерге қатысты тағы да өзгерістер болады. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына түсудің нақты қағидалары шыққан. Azattyq Rýhy тілшісі биылғы өзгерістер мен мемлекеттік бағдарлама бойынша дуальды оқыту туралы жауапты мамандардың пікірін тыңдап көрді. Білім басқармасы өкілінің айтуынша, құжаттарды қабылдау 20 маусымда электронды үкімет порталы арқылы және тікелей колледжде басталады. Әр талапкердің 4 мамандық пен 4 колледжді таңдауға мүмкіндігі бар.
«Қабылдау емтихандары педагогикалық, медициналық және шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтар бойынша өткізіледі. Барлық басқа мамандықтар бойынша емтихандар тоқтатылды. Жұмысшы мамандықтарына түсушілер әңгімелесуден өтеді, ал орта буын мамандықтарына үміткер талапкерлер мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыту конкурсына қатысуы тиіс. Іріктеу білім туралы аттестаттың орташа конкурстық балы бойынша өткізіледі», - деп түсіндірді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов.
Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша колледждерге академиялық дербестік берілген. Бұрынғы жылдары Білім және ғылым министрлігі түрлі біліктіліктер бойынша орта есеппен 2 жылдан 4 жылға дейінгі оқыту мерзімдерін реттеп, белгілейтін. Бұл ереже «Білім туралы» заңнан алынып тасталды. Енді бұл өндірістік кәсіпорындармен келісілген нақты білім беру бағдарламаларына және жұмыс берушілерге қажетті оқыту нәтижелеріне байланысты.
Бүгінде колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқу мерзімдерін дербес айқындайды, яғни мамандарды даярлау еңбек нарығының талаптарына сәйкес белгіленеді. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларының тізілімі жасалды. Бағдарлама нарықтық сұранысқа сай реттеледі. Жоғары білікті мамандарды даярлауға тек педагогтар ғана емес, оған жұмыс берушілер де көмектеседі. Колледжге қатысты өзгерістер Мемлекет басшысының формализмді азайту және нарықта сұранысқа ие кадрларды даярлау туралы тапсырмасымен тікелей байланысты. Яғни, білім беру бағдарламаларын өзектендіру мәселелері бойынша кәсіпкерлік қоғамдастықпен ынтымақтастық форматын қайта қарау жөніндегі тапсырмасы іске асырылып жатыр.
«Бүгінде Алматының барлық мемлекеттік колледждерінде Индустриалды кеңестер құрылып, білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысатын жұмыс берушілердің пулы артып келеді. Мысалы, осы жылдың ақпан айында Алматы қаласының ірі кәсіпорындары оқу орындары және Білім басқармасы арасында жасалған үш жақты меморандумдар негізінде 22 мемлекеттік колледжді қамқорлыққа алды. Колледждерге қамқорлық көрсету туралы меморандумдарға қол қойған әлеуметтік серіктестердің тізіміне "Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті" КЕАҚ, "Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті" КЕАҚ, «С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ" КЕАҚ, "КазСПО-N" ЖШС, "ҮЕҰ "DOSTI" компаниялар тобы ЖШС, "Crown" ЖШС, "Қазақстан" қонақ үйі, "Казлегпром-Алматы" ЖШС, "АлматыЭнергоСервис" ЖШС, "MEGA Моторс" ЖШС, "Алматы электромеханикалық зауыты" ЖШС, "Мехэлектромонтаж" ЖШС, "ҚТЖ – Жүк тасымалы" ЖШС кіреді», - деді Білім басқармасы басшысының орынбасары.
2025 жылы қалалық колледждерде оқуға ниет білдірген барлық 9-сыныптың түлектері сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім ала алады. Кәсіпорындар өндірістік практикадан өтуге мүмкіндік береді, білім беру бағдарламаларын, оқу жоспарларын әзірлеуге және өзектендіруге қатысады. Сонымен қатар дуальді оқытуды арттыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта дуальді оқытуды 48 колледжде 7100 студентті қамтитын 41 мамандық бойынша 361 кәсіпорынмен бірлесіп пайдаланады. Дуальді оқыту кезінде практикадан өту мерзімі студенттің еңбек өтіліне есептеледі (6 айдан 1,5 жылға дейін).
«Бұрын колледжге мектепте оқу үлгерімі нашар оқушылар, яғни мектеп директорлары тезірек құтылғылары келетін балалар келетін. Қазір бұл үрдіс жоқ. Шындығында, қазір колледжге түсушілердің саны көбейіп келеді. Бір орынға екіден бес абитуринетке дейін конкурспен таласады. Мемлекеттік тапсырыс саны да жыл сайын өсіп отыр. Кәсіптік біілмге келушілер санының артуының басты себебі, дуальды оқыту барысында студенттер өндірісте көбірек тәжірибе жинайды. Білім алудың 60 пайызынан астамын студент өндіріс орнында өткізеді. Диплом алғанда олар еңбекке қабілетті болып шығады. Түлектердің басым бөлігі жұмысқа орналаса алады», - деді Алматы сервистік қызмет көрсету колледжінің директоры Ерұлан Қарағұлов.
Жалпы 36 мыңнан астам студент бүгінгі таңда Алматыдағы колледждерде тегін білім алып жатыр. Мемлекеттік жоспар бойынша 2025 жылға қарай 9-сынып түлектерінің 100%-ы колледждерде қажетті мамандықтарда тегін оқи алады. Мемлекеттік тапсырыс жыл сайын ұлғайып келе жатыр. Соның арқасында техникалық және кәсіптік білім беру қолжетімді бола түспек. Яғни, сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды тегін білім берумен жүз пайыз қамту жоспарланған. Мегаполисте 83 колледж жұмыс істейді, оның 23-і – мемлекеттік, 60-ы – жекеменшік оқу орындары. Барлығы 73 719 студент оқиды, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 36,5 мың адам. Бүгінгі таңда қалада тегін үлгідегі қамту жалпы контингенттің 49,5%-ын құрайды екен.
Студенттердің үш мыңнан астамы өзге облыстардан келген жастар. Олардың қаладағы 29 жатақханада тұруға мүмкіндіктері бар.
«Сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру үшін 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырысты екі есеге – 21 мың орынға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бірінші кезекте 9-сынып түлектерін 2025 жылға қарай 100%-ға дейін тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту жоспарлануда», - деді Қайрат Ізбасарұлы.
«Жас маман» жобасы аясында былтыр 18 колледж республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен заманға сай құрылғылармен жабдықталыпты. Ал 2015 жылдан бастап Алматы колледждері WorldSkills халықаралық коммерциялық емес қозғалысының тұрақты қатысушылары саналады, оның мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және әлемде кәсіби білім беруді дамыту. WorldSkills чемпионаттары – бүкіл әлемде өткізілетін беделді іс-шара.
10 мамыр күні WorldSkills Almaty өңірлік чемпионаты өтеді. Чемпионатта 406 сарапшы жұмыс істеп, 314 конкурсант қатысады.