Ол 300-ге жуық монография мен 9 кітаптың авторы
Филология ғылымының докторы, профессор Темірхан Тебегенов өмірден өтті. Қазақ әдебиетінің көрнекті ғалымы 73 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қаралы хабарды ақын Нұрдәулет Ақыш хабарлады.
"Жалған дүние-ай! Темірхан Тебегенов те бақилық болыпты. Иманды болсын!" – деп жазды ол.
Ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Темірхан Сақаұлы Тебегенов 1949 жылы 18 қарашасында Қызылорда облысы Қармақшы ауданында өмірге келген.
Қызылорда педагогикалық институтын (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) бітірген.
1972-1974 жылдары Қармақшы ауданы Қуаңдария кеңшарында №186 орта мектептің, 1974-1981 жылдары Қызылорда қаласының №10 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі, тәрбие жұмыстары жөніндегі меңгерушісі қызметтерін атқарған.
1981-1991 жылдары - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы. 1991-2005 жылдары - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы болды.
Ғалымның өлеңдері, мақалалары республикалық газет-журналдарда, ғылыми жинақтарда жарияланған. Көптеген еңбектері Қытай, Ресей, Татарстан, Түркия, Қарақалпақстан елдерінде жарияланған.
Темірхан Тебегенов 300-ге жуық монография мен 9 кітаптың авторы. Өмірін ғылымға арнаған тұлға 18-20 ғасырдағы қазақ әдебиетін зерттеп, сол замандағы көрнекті тұлғалардың шығармаларын ғылыми айналымға енгізді. Тебегенов әдебиетке әуес жүздеген шәкірт тәрбиелеген.