Ақтөбеде алты жыл бұрын басталған жол құрылысы әлі аяқталған жоқ

Автор: Azattyq Rýhy

Айналма жолдың құрылысына жалпы 7,5 миллиард теңге бөлінген

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбеде алты жыл бұрын басталған жол құрылысы әлі аяқталған жоқ. Қала шетіндегі Ясный ауылы мен 41-разъезд тұрғындары құрылыстың сағызша созылғанына ашулы. Өйткені көлік қатынасының қиындығы былай тұрсын, өздері шаңға көміліп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Шенеуніктер мен жол сақшылары құрылыс біткенше көліктерге ауыл ішімен жүруге рұқсат беріп қойған. Ең болмаса ауыр жүк көліктері қала шетін айналып өтсін дейді тұрғындар. Ақтөбедегі оңтүстік айналма жолдың құрылысы осыдан алты жыл бұрын басталған. Содан бері бұл жоба әлі созылып келеді. Әсіресе Ясный ауылы мен 41-ші разъезд тұсындағы трассаны жыл сайын әкімдіктегілер мен мердігерлер бітіріп береміз деп уәде етеді. Бірақ әзір орындалмай отыр.

Ашынған қос ауыл тұрғындары жол бойына жиналып, шағымдарын жеткізді. Жер қарайып жаз шыққанда  құрылыстың кесірінен тұншығып қалатынын  айтады. Жол салынғанша, көлік жүретін айналма жол қарастырудың орнына, жергілікті шенеуніктер ауыл ішімен қатынауға рұқсат берген.

«Енді соның кесірінен шаңға көміліп отырмыз», - дейді тұрғындар.

Тұрғындар жол құрылысының сағызша созылғанына наразы. Шағым айтып бармаған жері қалмаған. Тіпті былтыр облыс әкімінің өзі келіп, «жазда бітеді» деп уәде берген. Содан бері тура бір жыл өтіпті.

Жиналған жұртпен кездесуге келген жолға жауапты басқарма басшысы да уәде беруден танбады. «Жаз біткенше жолды аяқтап бәрін қатырамыз» деп отыр. Ал жүк көліктерін ауылда жүргізбеуге қатысты мәселені әкімдікте талқылайтынын айтады.

«Осы сәуір айының аяғынан бастап жұмыс басталып кетеді. Оны қыркүйектің аяғына дейін аяқтауымыз керек. Тап осы фураларды өткізбеуді басшыларымызға жеткізіп, қазір жиналыс өткіземіз. Нақты адамдар шақырып, соны ұйымдастыруға тырысамыз», - деді  Ақтөбе облысы автокөлік жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Ақтөбенің оңтүстік айналма жолының құрылысына жалпы 7 жарым миллиард бөлінген. Оның алты миллиардын игеріп үлгеріпті. Ал құрылыстың созылуына тендерді жеңіп алған мердігер кінәлі көрінеді.

 

Тегтер: