Сенат медиацияға қатысты заң жобасын мақұлдады

Автор: Azattyq Rýhy

Конвенцияны ратификациялау – соттан тыс медиацияны жетілдіруде оң қадам

Фото: ашық дереккөзден

Сенаторлар «БҰҰ медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы Конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Пленарлық отырыс барысында Әділет министрі Қанат Мусин заң жобасын таныстыра отырып, бүгінде медиацияға сұраныстың артып келе жатқанын атап өтті. Ведомство басшысы медиацияның көмегімен екі тараптың мүдделерін қанағаттандыра отырып, дауды шешуге болатыны азаматтарды қызықтыратынын айтты.

«2019 жылғы 7 тамызда Сингапурда Қазақстан БҰҰ-ның медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясына қол қойды. Конвенцияның мақсаты – қатысушы мемлекеттердің аумағында медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді тану және орындау. Осы уақытқа дейін бізде осындай тетік болған жоқ. Енді дау тараптары үшін татуласу келісімін басқа юрисдикцияда тану және орындау үшін сотқа жүгінуге мүмкіндік туйды», - дейді Қанат Мусин.

Министр атап өткендей, конвенцияға сәйкес татуласу келісімін орындау ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. 

«Медиация нәтижесінде қол жеткізілген келісімдерді орындау тәртібі «Медиация туралы» Заңның және Азаматтық процестік кодекстің ережелерінде көзделген. Конвенция қатысушы мемлекеттердің екі және одан да көп компаниялары арасындағы халықаралық коммерциялық дауларына ғана қолданылады», - деді Қ. Мусин.

Оның айтуынша, Конвенцияны ратификациялау – соттан тыс медиацияны жетілдіруде оң қадам. Ол халықаралық саудаға жәрдемдесудің маңызды құралы және коммерциялық тараптардың халықаралық келісімдерін жүзеге асыруға ықпал етеді.