Алматыда бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 950 грант беріледі

Автор: Azattyq Rýhy

29 жасқа дейінгі жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үміткер бола алады

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 950 грант беріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Грант иегерлігіне 29 жасқа дейінгі жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үміткер бола алады. Грант сомасы 400 АЕК-ке жетеді (1 225 200 теңге.)

«ШОБ қала экономикасында жетекші орынға ие және мұнда 10 алматылықтардың 6-ы істейді. Осы жылдан бастап гранттарды сертификатсыз алуға болады. Өтінімдер сәуірден қараша аралығында қабылданады, нақты мерзімдері мен кезеңдерін қосымша хабарлаймыз», – деп атап өтті Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Зафар Аппазов.

Өтінімді осы жылдың 1 сәуірінен бастап business.enbek.kz порталы арқылы беруге болады.

Грант алу үшін мыналар қажет:

• тіркелген жұмыссыз мәртебесі немесе мерзімі 1 жылдан аспайтын ЖК болуы;
• Алматы қаласында тұрақты, уақытша (1 жылдан кем емес) тіркелу;
business.enbek.kz порталында тіркелу;
• бизнес-жоспардың болуы.

Үміткерлер бизнес-жоспарды әркім өзі дербес жасайды.

Ол келесі критерийлер бойынша бағаланады:

- бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
- өткізу нарықтарының пысықталуы;
- бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі;
- кәсіпкерлік дағдылар деңгейі;
- жаңа жұмыс орындарын құру.

Өтінімдерді қарау мерзімі – 10 жұмыс күні. Гранттарды Халықты жұмыспен қамту орталығы ұсынады. Олар жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың табысын арттыру үшін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында беріледі.