«Қазақтелеком» акциялары құнсызданды – Қаржы нарығын реттеу агенттігі

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Құнды қағаздардың төмендеуінен жоғалтқан қаржы көлемі 3,5 трлн теңгеге жеткен

 

Фото: ашық дереккөзден

Елімізде ірі компаниялардың акциялары құнсызданып жатыр. 1 наурыздағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың (KASE) сауда тізімдерінде 150 эмитенттің 164 акциясы болса, оның 43 шығарылымы KASE Global секторындағы айналысқа жіберілді. Ақпан айының қорытындысы бойынша KASE индексі 5,3%-ға төмендеген. Құнды қағаздардың төмендеуінен жоғалтқан қаржы көлемі 3,5 трлн теңгеге жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Қазақтелеком» АҚ-тың (-12,4%) және «Қазақстанның Халық жинақ банкі» АҚ-тың (-12,4%)  акциялары көбірек төмендеді. Акциялар нарығын капиталдандыру 2022 жылғы ақпанда листингтелетін компаниялар акциялары құқының түсуі есебінен 13,3%-ға немесе 3,5 трлн теңгеге азайып, 1 наурыздағы жағдай бойынша 23,1 трлн теңге болды. Акциялар сауда-саттығының көлемі 2022 жылғы қаңтардағы акциялар сауда-саттығының көлемімен салыстырғанда 3,4%-ға немесе 0,3 млрд теңгеге ұлғайып, осы жылғы ақпанда 10,3 млрд теңге болды. KASE-де саудаланатын корпоративтік борыш көлемі 2022 жылғы ақпанда облигациялардың жекелеген шығарылымдарының өтелуіне және айналыста болу мерзімінің аяқталуына байланысты өткен кезеңмен салыстырғанда 2,6%-ға немесе 417 млрд теңгеге азайып, 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 15,0 трлн теңге болды», - деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар басқармасы.

KASE-де саудаланатын номинал бойынша мемлекеттік борыш сомасы 2022 жылғы қаңтардағы көрсеткішке қатысты 2,3%-ға немесе 395,7 млрд теңгеге ұлғайып, ақпанның қорытындысы бойынша 17,7 трлн теңгені құраған. Еліміздегі бағалы қағаздар нарығында 38 брокер және дилер (16 банк және 22 банктік емес ұйым), 9 кастодиан банк, 19 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ бірыңғай тіркеуші және сауда репозиторийі функцияларын орындайтын 2 инфрақұрылымдық ұйым бар.