Ақмола облысында дәрігерді соққыға жығу дерегі көбейген

Azattyq Rýhy

Пациенттерден көп жағдайда жедел жәрдем қызметінің мамандары зардап шегеді

Ақмола облысында дәрігерді соққыға жығу дерегі көбейген
Фото ашық дереккөзден

Ақмола облысында дәрігерді соққыға жығу дерегі көбейген. Мамандар дәрігерге жұдырық ала жүгіру әдетке айналып, тіпті мұндай жағдайдың жиілеп бара жатқанын айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Осындай келеңсіз жайттар жұмысқа кедергі келтіреді әрі медициналық қызметтің сапасына кері әсерін тигізеді.

Мәселен, желіде тараған бейнежазбалардың бірінде ашулы әйел балалар ауруханасының медбикесіне шабуыл жасап жатыр. Сәбилердің көзінше былапыт сөздер айтқан ол дәрігерлерге тап берген. Оны тек тәртіп сақшылары сабасына түсірді. Белгілі болғандай, ызалы ана әлі сауығып үлгермеген баласын ауруханадан алып кетуге бел буған. Ашуға ерік берген әйел ішімдікке сылқия тойып алған көрінеді.

Пациенттерден көп жағдайда жедел жәрдем қызметінің мамандары зардап шегеді. Олар, әсіресе, жаппай төбелес, тұрмыстық дау-дамайға шақырту алған кезде соққының астында қалады. Шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері қызметкерлері жарақат алып, тіпті өмірлеріне қауіп төнген оқиғалардың болып жататынын айтады.

«Біздің қызметкерімізді бірнеше рет ұрып тастаған жағдайлар болды. Мәселен, науқасты қалалық ауруханаға жеткізу керек. Онымен бірге ілесіп келе жатқан мас досы ешбір себепсіз біздің фельдшерімізді соққыға жықты. Алған жарақатынан оның мұрыны сынып, миы шайқалған», - деді облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Александр Высоцкий.

Мұндай оқиғалар қалалық ауруханалар мен емханаларда еңбек ететін медицина қызметкерлерін алаңдатып отыр. Жұмыс орындарында олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген.

Дәрігерлердің айтуынша, заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Егер мәселе оң шешімін таппаса, кадр тапшылығы мәселесі ушыға түседі дейді мамандар.     

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.