Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса мәлім етті
Әйгілі жазушы-драматург, қазақ әдебиетінің классигі Дулат Исабековтің жары Нұрғайша Жармұқамедова қайтыс болды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Facebook парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Есімі елге әйгілі жазушы-драматург, қазақ әдебиетінің классигі Дулат Исабековтің үйіндегі жеңгеміз Нұрғайша Жармұқамедова қайтыс болды деген хабар қабырғамызды қайыстырып кетті. Ол кісі ешқандай ауырып жүрген жоқ-тын, бүгін таңертең жүрегі ұстап қалды дейді.
Жақында ғана көкемізге сәлем беруге үйге барғанда жарқылдап жүріп қарсы алып, сексенге келсе де сергектігін көрсетіп, келіндерден бетер жүгіріп, дастарханын жайып шығарып салып еді.
«Екеуміз 56 жыл отасқан едік, жайымның барлығын жасайтын еді, енді менің жағдайымды кім ойлайды?! Ешқандай ауыра қоймаған еді, аяқ астынан тастап кете барды. Екеуміз биыл сексен жасымызды тойлаймыз деп, жоспарлап жүрген едік» деп қамығып отырған Дулат көкемізді қалай жұбатудың өзі қиын болды…», - дейді Мәжіліс депутаты.
Қазыбек Иса сөзін жалғай отырып, Дулат Исабековке, жақындарына көңіл айтты.
«Өткен сенбіде ғана көріп едік Дулат көкемізді Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділдің жылдық асында. Қиын болды сексенге келгенде серігінен айрылу!..
Алды әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде жарияланған, қазақ әдебиетінің алтын қазынасына енген шығармаларын жазғанда жайын жасаған, жанына демеу болған асыл жары, балаларының аяулы анасы болған, алпыс жылға жуық қол ұстасып бірге жүрген өмірсерігінен айрылу ағамызға өте ауыр тигені анық…
Берік болыңыз көке! Алланың үкімі ғой, қайтесіз енді. Бұл да бір ауыр сынақ, мықты болыңыз! Алла сабыр берсін! Қасиетті Рамазан айында дүниеден өтіпті, жәннаттан болсын жайы деп тілейміз.
Алды пейіш, арты кеніш болғай! Қара орман халқыңыз бар, қалың қазағыңыз бар қайғыңызды бөлісетін, Дулат көке, бекем болыңыз!.
Марқұмның отбасына, асыл жары, қазақтың көрнекті қаламгері Дулат Исабековке, ұлдары мен қыздарына, туған-туыстарына, ағайындарға көңіл айтамыз.
Иманы саламат болсын асыл жеңгеміздің!» - деп көңіл айтты.