Офицер бір жыл бойы бітімгерлердің он базасының бірінде миссия атқаратын болады
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің өкілі майор Арман Тастанбеков Батыс Сахарадағы БҰҰ миссиясының (MINURSO) әскери бақылаушысы болды, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy.
«Офицер бір жыл бойы бітімгерлердің он базасының бірінде миссия атқаратын болады. Қазір ол Эль-Аюн қаласында (миссия штабы) тіркеу рәсімінен өтіп, біліктілік тестілерін тапсырады. Дайындық шаралары аяқталған соң қызметтік міндеттерін орындауға кіріседі», - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, майор Арман Тастанбеков 2018 жылғы қазан айынан бастап, 2019 жылғы мамырға дейін Ливандағы Қазақстан бітімгерлер ротасының құрамында взвод командирі лауазымында қызмет атқарды.
2020 жылы ол БҰҰ бітімгершілік миссияларына әскери бақылаушы және БҰҰ штабтық офицері ретінде қатысу үшін үміткерлер қатарында іріктеуден сәтті өтті.