Қазақстан ағылшын тілін білу бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр – Аймағамбетов

Azattyq Rýhy

Қазақстан соңғы үш жылда халықаралық TOEFL iBT емтиханының нәтижелері бойынша оң динамика көрсетіп жүр

Фото: ашық дереккөзден

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Telegram-арнасы арқылы білім саласындағы кейбір халықаралық және ұлттық рейтингтік жүйелер, сондай-ақ халықтың тілдік дағдыларын өлшеуге арналған халықаралық рейтингтер туралы ойын бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бүгінгі таңда қоғамда білім саласындағы халықаралық және ұлттық рейтингтерге біржақты көзқарас қалыптасқан. Сарапшылардың бағалауынша, рейтингтер білім беру жүйесінің сапасы мен тиімділігін анықтайтын факторлардың толық жиынтығына негізделмеген. Әрбір рейтингтің артында әртүрлі көрсеткіштерге негізделген авторлық әдістеме тұр. Сол себепті бағалау факторларына мұқият қарап, салыстыру маңызды екенін есте ұстаған жөн. Алайда белгілі бір рейтингтегі позицияларды салыстырмалы түрде өлшеу мұқияттылықты және түсінуді талап етеді», - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.  

Министр 2021 жылдың соңында БАҚ-та «Қазақстан ағылшын тілін меңгеру бойынша аутсайдерлердің бірі» деген елең еткізер тақырыппен мақала белсенді түрде тарала бастаған соң тілдік рейтинг тақырыбын айрықша назар аударғанын айтады.

Оның айтуынша, Қазақстан соңғы үш жылда халықаралық TOEFL iBT емтиханының нәтижелері бойынша оң динамика көрсетіп жүр: 2018 жылы – 82 балл, 2019 жылы – 85 балл, 2020 жылы – 120 балдан 86 балл.

«Орталық Азия елдері арасында – бұл ең жоғары көрсеткіш. CEFR Жалпыеуропалық жүйесіндегі ағылшын тілін меңгеру деңгейлеріне сәйкес, бұл көрсеткіштер ағылшын тілін білудің шекті немесе орташа деңгейіне (B1) сәйкес келеді. Яғни бұл тұрмыстық жағдайларда тілдесу мүмкіндігін немесе таныс тақырыптар бойынша әңгімелесуге болатынын білдіреді. Тілдік дағдылар бөлінісінде қазақстандықтар тыңдау және сөйлеу бойынша орташа есеппен әрбір бөлімдегі 30 ең жоғары балдан 22 балл, оқу және жазу бойынша 21 балл жинайды», - деді Аймағамбетов.

Ол EF EPI рейтингіне тоқталып, оның ағылшын тіліндегі EF SET тестін өз бетінше және өз еркімен тапсырған ересектердің деректері негізінде елдер рейтингін анықтайтынын атап өтті. Бұл тестке https://www.efset.org/ef-set-50/ сілтемесі арқылы өтіп, тапсыруға болады. Тіл меңгеру деңгейі екі дағды бойынша ғана бағаланады: оқу және тыңдау. Салыстырмалы түрде IELTS, TOEFL-да төрт дағды бойынша бағаланады.

«Тестілеу сыртқы бақылаусыз өтетіндіктен, репрезентативті үлгі жоқ, тестіленушінің жеке басы сәйкестендірілмейді және тест тапсыру кезінде объективтіліктің сақталуына кепілдік берілмейді. Дегенмен тестілеу қорытындысы бойынша 2020 жылғы деректермен салыстырғанда Қазақстанның орташа балы 14 балға жақсарғаны байқалды: ең жоғары 800 балдан 426 балл. Айта кетейік, Нұр-Сұлтан 470, ал Алматы 466 балл нәтижелерін көрсетіп, ағылшын тілін орташа деңгейде меңгерген қалалар ретінде бағаланды. Осы ақпаратқа сүйене отырып, әр адам көрсетілген рейтингтің репрезентативтілігі және оған деген сенім туралы шешімді өзі қабылдауы керек», - деді Асхат Аймағамбетов.

Министр осындай деректермен және рейтингтермен жұмыс істегенде, ең алдымен әдістемеге назар аударып, содан кейін ғана қорытынды жасау керек екенін айтты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.