Мұнара кранының құлауын тексеру жөніндегі комиссия құрылды
Алматыда құрылыс алаңында мұнара краны құлады. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Ақпаратты Алматы қалалық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, төтенше жағдай Түрксіб ауданында болған. «Жас қанат» шағынауданында орналасқан «Рембус» ЖШС құрылыс объектісінде салынып жатқан 9 қабатты ғимараттың парапетіне КБ-308 рельсті мұнара краны құлады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Кранның меншік иесі - «КБК» ЖК. Шарт бойынша кран «Мелиоратор» ЖШС-не жалға берілді.
Департамент таратқан мәліметке сәйкес, былтыр наурыз айында «Жетысу өнеркәсіптік қауіпсіздік» ЖШС кранның мүмкіндігін, оны одан әрі пайдалануды анықтауға сараптама жүргізген.
«Сөйтіп, кранды пайдалану мерзімі 2023 жылдың наурызына дейін ұзартылды. Биылғы 11 ақпанда «Мелиоратор» ЖШС хатына сәйкес кранды ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің маманы іске қосты. Қазіргі уақытта департаментте мұнара кранының құлауын тексеру жөніндегі комиссия құрылды. Тергеу нәтижесін қосымша хабарлаймыз»,- деп атап өтті ведомствадан.