Жедел жәрдем қызметінің мәліметі бойынша 2 ересек ер адам жеңіл жарақат алған
Алматыда 25 машинаны ағаш басып қалды. Метеорологиялық құбылыстардың кесірінен қатты дауыл тұрып, мол мөлшерде жаңбыр жауды. Қолайсыз ауа райының салдарынан қаланың көптеген ауданы жарықсыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«112» желісіне ағаштардың құлауы, оның ішінде ғимараттар шатырларының бұзылуы бойынша 43 хабарлама және жеке тұрғын үй аулаларын су басу дерегі бойынша да жағдайлар тіркелді.
Жедел жәрдем қызметінің мәліметі бойынша 2 ересек ер адам жеңіл жарақат алған. Қазіргі уақытта олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, медициналық тексеруден соң үйлеріне жіберілді.
Осыған байланысты қала тұрғындарына көліктерді ағаштардың астында қалдырмауды сұраймыз», - деді Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Жол бойында тұрған 25 автокөлікті құлаған ағаштар басып қалған. Қатты жел жеке тұрғын үйлердің, көпқабатты тұрғын үйлердің, әкімшілік ғимараттардың шатырын жұлып кеткен. Дауылдан жалпы саны 15 ғимарат зақымданған. Құлаған ағаштардың кесірінен бірнеше көшеде көлік қозғалысы тоқтатылды.
«Жетісу ауданында жеке тұрғын үй аумағы, Алмалыда көпқабатты үйлердің жертөлесі мен кіре берісі бүлінді. Көпқабатты екі тұрғын үйдің сыртқы қаптауы құлады және үш автотұрақтың қоршауы бұзылды. Троллейбус желісі үзілілді.
Табиғи сипаттағы зардаптарды жоюға ТЖ департаментінен 27 қызметкер, 11 бірлік техника, 3 мотопомпа, әкімдіктердің мердігерлік ұйымдары және құтқару қызметтерінен 127 адам және 57 бірлік техника жұмылдырылды», - деді ТЖД ресми өкілі Гүлдана Нұрымбетова.
Қаланың қираған жерлерін қалыпқа келтіріп, құлаған ағаштардан тазарту жұмысы әлі жалғасып жатыр.