Апат болған Петропавл жылу электр орталығында қондырғы істен шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Тұтынушыларға жылу беру тоқтатылған жоқ

Апат болған Петропавл жылу электр орталығында күл шығаратын қондырғы істен шықты. Қазір оны жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұтынушыларға жылу беру тоқтатылған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, 20 наурыз күні кәсіпорында алып мұржалардың бірі опырылып түскен болатын. Үйіндінің астында қалған 38 жастағы әйел қайтыс болды. Қылмыстық іс қозғалып, орталық директоры мен бас инженері қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда. Апат салдарынан қазандықтар қайта-қайта істен шығып, тұрғындар жылусыз қалды. Мұржаның не себепті құлағаны әлі күнге анықталған жоқ.

«Биылғы жылыту маусымында Петропавл жылу электр орталығында 5 рет апат тіркелді.  Салдарынан бірден 5 қазандық істен шыққан күндер болды. Кәсіпорын қала тұрғындарын жылумен тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмады. Сондықтан монополистен коммуналдық қызмет төлемін қайта есепеуді талап етеміз. Әбден тозған қондырғылар қайта-қайта істен шығып жатыр», - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов.

Мамандар 15 сәуірден құлаған мұржаның қалған бөлігін алып тастауға кіріседі. Нысан техникалық тексерістен өткеннен кейін ғана жаңа мұржа салу жобасы жасалады. Ал құрылыс жұмыстарына шамамен 1 жыл уақыт қажет.

«Мұржаның құлауы салдарынан астында орналасқан бір күл шығаратын қондырғы істен шықты. Станция 2 қондырғымен жұмыс істеп тұр. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ол жуық арада іске қосылады деп ойлаймын»,-деді «Севказэнерго» АҚ баспасөз хатшысы Лилия Шерина.

Кәсіпорында жылыту маусымы басталғалы 5 рет апат болды. Қондырғылардың 60 пайызы тозған. Кешенді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 18 млрд теңге қажет.

Эльмира Мәмбетқызы