БҒМ Алматы қаласының әкімдігіне қосымша өкілеттіктер беретін болды

Azattyq Rýhy

Министр Алматыда қосымша білім беруді дамыту жұмыстары жақсы жолға қойылғанын атап өтті

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алматы қаласының әкімдігіне білім беру саласында қосымша өкілеттіктер беру туралы шешім қабылданғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жуырда Мемлекет басшысы Алматы қаласының маңызды нысанының бірі – Оқушылар сарайында болды. Президент балалармен әңгімелесіп, онда жасалған жағдаймен және сарайдағы жаңғырту жұмыстарының нәтижелерімен танысты.

Алматыда қосымша білім беруді дамыту жұмыстары жақсы жолға қойылғанын атап өткім келеді.

Атап айтқанда:

  1. Қолданыстағы Оқушылар сарайын толықтай жаңғыртып қана қоймай, сонымен бірге заманауи екі инновациялық шығармашылық орталығы пайдалануға беріледі.
  2. Келесі жылы ескі ғимараттарды бұзып, 3 оқушылар үйінің құрылысын салу жоспарланып отыр. Қазіргі күні жобалау жұмыстары басталып кетті.
  3. Мектептердің спорт алаңдарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
  4. Жас туристер мен натуралистер (табиғаттанушы) станциялары жаңартылады.
  5. Мемлекеттік білім беру, шығармашылық және спорттық тапсырыстар орналастырылуда», - деді ведомство басшысы.

Ол өз сөзінде жалпы, қазіргі таңда Алматы қаласы әкімдігінде басқа өңірлермен салыстырғанда білім саласын дамытуда барынша біртұтас және дәйекті саясат жүргізіліп жатқанын мойындау керек екенін мәлім етті.

«Сол себепті қала басшылығының саланы дамыту ұстанымын, мегаполистің қолда бар қаржылық мүмкіндіктері мен кадрлық әлеуетін ескере отырып, министрлік Алматы қаласының әкімдігіне білім беру саласында қосымша өкілеттіктер беру туралы шешім қабылдады.

Министрліктің нормативтік актілерде арнайы шарттар мен құзыреттерді қарастырамыз. Сонымен қатар қаланың білім беру ұйымдары біздің негізгі инновациялық алаңдарымызға айналады.

Өз тарапынан әкімдік басшылығы барлық жаңа бастаманы қаржылай және ұйымдастырушылық жағынан қолдауға міндеттеме алады.

Ал министрлік барлық жарияланған міндеттеменің орындалуын бақылауда ұстайды», - деді Асхат Аймағамбетов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.