Ол 2012 жылдың маусым айында Қырғызстан Республикасының азаматтығын қабылдаған
Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша, азамат кез келген басқа азаматтықты алғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде қазақстандық үлгідегі паспорт пен жеке куәлікті тапсыруы және азаматтығынан айырылуды тіркеуі міндетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy өңірлік ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алайда, Қазақстанның кейбір тұрғындары басқа елдің азаматтары бола тұра, Қазақстанға келу және тұру үшін қазақстандық құжаттарды пайдаланады. Олар әртүрлі елдерде белгіленген әлеуметтік, зейнетақы және басқа да жеңілдіктерді пайдалану үшін азаматтықты өзгерту фактісі туралы хабарлауға асықпайды.
«Биыл ақпан айында көші-қон қызметінің қызметкерлері Риддер қаласының тұрғынын анықтады, ол 2012 жылдың маусым айында Қырғызстан Республикасының азаматтығын қабылдаған, бірақ 10 жыл бойы ол қазақстандық зейнетақы алып келген. Тәртіп бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы 1-бөлігі бойынша 100 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.
Одан ҚР азаматының жеке куәлігі мен паспорты алынып, Қазақстан азаматтығынан айырылғаны тіркелді.
Айта кетейік, жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтығы үшін 19 азаматқа айыппұл салынды.
ШҚО ПД Көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес елде қос азаматтыққа жол берілмейтінін және көші-қон заңнамасын сақтауды сұрайтынын еске салады.