Қағаз түріндегі құжат айналымнан толықтай шығады
Мемлекет басшысының құрылыс саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті бүгінгі таңда саланы цифрландыру және автоматтандыру жұмысын белсенді түрде жүргізіп жатыр. Соның бірі – жуырда әзірленген «Е-Qurylys» жүйесі. Ол барлық құрылыс тізілімдерін, есептілікті, техникалық қадағалауды тестілеуді және атқарушылық құжаттаманы жүргізуді орталықтандырып, электрондық форматқа көшуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Azattyq Rýhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Е-Qurylys» жүйесінде атқарушылық құжаттаманы жүргізу қағаз түріндегі құжат айналымнан толықтай бас тарту дегенді білдіреді.
Барлық жұмыстар компьютерде атқарылатындықтан, жобадан ауытқуға, атқарылған жұмысты асыра бағалауға және орындалмаған жұмысты қабылдай салуға жол берілмейді. Өйткені, жұмыс актілері толтырылған журналдар мен тіркелген жұмыстар негізінде автоматты түрде жасалады.
Қазіргі уақытта «Е-Qurylys» жүйесінде барлық құрылыс тізілімдері жүктелді. Сондай-ақ, техникалық қадағалау және тексеру, инженерлік-техникалық қызметкерлер мен сараптамалық ұйымдар тізілімдеріне өзгерістер енгізу рәсімі автоматтандырылды. Бұл өз кезегінде аталған жұмысты бұрынғыдай 15 күнде емес, 1 күнде жасауға жол ашты. Әрі тиісті өзгертулерді жұмыс беруші мен жұмыс алушы Комитет мамандарының араласуынсыз, электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, енгізе алады», - делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар, «Е-Qurylys» жүйесінде сарапшылардың құрылыс нормаларын қаншалықты білетіндерін тестілеуге болады. Оны жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Сынақты тапсыру кезінде жүйе маманды автоматты түрде тексеріп, тесттен өтетін адамды ауыстыруға және сынақ нәтижелерін өзгертуге жол бермейді.