Тоқаев Қазақстаннан ірі көлемде ақша мен алтын әкетуге тыйым салды

Автор: Azattyq Rýhy

Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы» қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау және Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы Жарлыққа қол қойды. 

«1) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі әкету күніне белгілеген бағам бойынша есептелген және 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын;

2) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі шығаратын аффинирленген алтынның 5, 10, 20, 50 және 100 грамм алтын құймаларын және алтыннан жасалған «ALTYN BARYS» және күмістен жасалған «KÚMIS BARYS» инвестициялық монеталарын, сондай-ақ 100 грамнан астам аффинирленген алтынды әкетуге тыйым салынсын», - делінген Жарлықта. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Үкіметіне Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы Жарлықты іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.