Қаңтардағы тәртіпсіздіктердің шығыны қалай өтеліп жатқаны белгілі болды

Автор: Әсел Оршыбекова

Шығынның жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрады

Фото ашық дереккөзден

Қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің 8 облысында мемлекеттік органдардың 42 ғимараты зардап шекті. Олар Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 28 млрд теңге республикалық бюджеттен 18 нысанды қалпына келтіруге жұмсалды. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжілістің жалпы отырысында айтты.

«Барлық нысандарға техникалық байқау жүргізілді. Нәтижесінде 28 ағымдағы жөндеу, сондай-ақ 14 ғимаратқа күрделі жөндеу және бұзып, қайта салу қажет екені анықталды. Қазір 21 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Наурыз айының соңына дейін 5 ғимаратқа, қалған 2 нысанға осы жылдың мамыр және маусым айларында жөндеу жұмыстары жүргізіледі», - деді Скляр.

Бұдан бөлек, күрделі жөндеу және құрылысын қайта салуды қажет ететін 14 мемлекеттік нысан бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кестеге сәйкес 7 ғимарат бойынша жұмыстар наурыз айында, 5 нысан бойынша осы жылдың маусым айында аяқталмақ.

«Айтарлықтай зардапты ескере отырып, Алматы қаласының әкімдігі мен «Қазақстан» ТРК ғимаратын қайта жөндеу жұмыстары осы жылдың қазан айында аяқталады.

Тәртіпсіздік кезінде 1630 шағын орта бизнес субъектісіне шамамен 38,6 млрд теңгеге шығын келтірілген», - деп атап өтті Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Өтемақы жергілікті атқарушы органның жанындағы өңірлік комиссиялармен келтірілген залал сомасы құжаттық расталғаннан кейін жүзеге асырылады. Бұл ретте жеңілдетілген тәртіпте фискалдық деректерге сүйене отырып, кәсіпкерлер 10 млн теңгеге дейін ала алады.

«Төлемдер Үкімет резервінен, сондай-ақ жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады. 11 наурыздағы жағдай бойынша, өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 1630 өтініштің 1192-сі мақұлдады. Қалған 438 кәсіпкер бағалау рәсімдері аяқталғаннан кейін өтемақы алады», - деді ол.