Көкшетауда полицейлер шатырдан секіріп өлмек болған қала тұрғынын аман алып қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Оның мұндай қадамға баруына әйелімен ұрсып қалуы себеп болған

Фото ашық дереккөзден

Көкшетауда полицейлер шатырдан секіріп өлмек болған қала тұрғынын аман алып қалды. Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департамент таратқан мәліметке сәйкес, 40 жастағы ер адам әйелімен ұрсып қалған соң осындай шешімге келген.

Оқиға 8 наурыз күні 17.00 шамасында болған. Әлдебіреу полицияға хабарласып, Пушкин көшесіндегі 9-үйдің кіреберісінде мас еркек жүргенін жеткізген. Оқиға орнына шұғыл барған полиция капитаны Ақан Әбілқайыров пен полиция лейтенанты Қанат Мағубаев 4-қабаттағы баспалдақтан ер адамды көрген. Ол полицейлерді көрген соң бірден шатырға шығып кетті де, қақпақты жауып алды. Ақан Әбілқайыров тез оның соңынан қуды, ал екінші полицей көршілерінен мән-жайды сұрастырды.

Полиция капитанының айтуынша, шатырға шыққанда әлгі тұрғын шарбақтың тесігінен өтіп, сыртқы эвакуациялық баспалдақта отырған. Полицей оны райынан қайтаруға тырысқанымен, еркек бәрібір өлетінін айтып, сөзіне құлақ аспаған.

Сосын Қанат Мағубаев білдірмей жанына барып, оны ұстап алды да, бері қарай әріптесіне тапсырған. Екінші полицей тұрғынды қауіпсіз жерге шығарды. Оның мұндай қадамға баруына әйелімен ұрсып қалуы себеп болған. Қазіргі таңда оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.