«Вандализм жиілеп кетті»: Алматыдағы 28 Панфиловшылар саябағындағы ескерткіштер екінші рет тоналды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізілуде

Фото ашық дереккөзден

Алматыдағы 28 Панфиловшылар  саябағындағы ескерткіштер тағы да тоналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Гоголь мен Пушкин көшелері қиылысындағы панфиловшылар  саябағын бұзақылар қиратып кеткен еді. Олар 9 шаршы метр гранит тақтайшаны сындырып, кіреберістегі жазудың 5 әрпін ұрлап кеткен. Сондай-ақ мәңгілік алау маңынан тағы қоладан жасалған 2 әріпті ұрлап, жауынгерлердің аты жазылған 4 шойын ескерткішті бұзып тастаған. Қалпына келтіру жұмыстары ақпан айында аяқталған еді. 

«Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін 4 наурыз күні сағат  10:00-де Гоголь көшесі жақтағы кіреберістегі тағы 2 әріптің және  ескерткіштен 8 шойын маңдайшаның жоғалғандығы анықталды. 5 наурызда 2 қола әріптің ұрланғандығы анықталды. Бұзылған гранит пен жоғалған әріптердің жалпы шығыны 5,7 миллион  теңгені құрады», - деді Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жоғарыда аталған фактілерді Алматы қаласының Полиция департаменті тіркеп, саябақтағы полиция жұмысын күшейтті.  Қалпына келтіру жұмыстары 22 наурызға дейін жүргізіледі. Тарихи ескерткіштерге қатысты вандализм фактілерінің жиілеп кеткендігіне байланысты қала әкімдігі алматылықтарды шаһар мүлкіне мұқият қарап, өз тарихымызға сыйластық танытуға шақырды.

«Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, Медеу ауданының полиция бөлімімен тергеліп жатыр. Жедел іздеу шараларын жүргізу барысында қылмыстың мән-жайы мен кінәлілер анықталып, жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында», - деді қалалық ПД баспасөз қызметі.