Жамбыл облысында құны 4,6 млн теңге тұратын заттарды ұрлаған күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 2-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Фото ашық дереккөзден

Жамбылдық полицейлер ауруханадан ұрланған 4 600 000 теңге көлеміндегі ұрлық дерегін ашты. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияға Сарысу аудандық орталық ауруханасының басшылығы шағымданды. Ол осы жылдың 7 қаңтарында белгісіз адамның аурухана терезесін сындырып кіріп, 1 теледидар мен 1 құлақ тексеретін аппаратты жасырын түрде ұрлап кеткендігі туралы хабарлады. Келтірілген шығын көлемі 4 600 000 теңгені құрайды.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Жаңатас қаласының 24 жастағы тұрғынын анықтады. Ұсталған азамат кінәсін толық мойындады, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Осы қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мүлкі тәркіленіп, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.