Жалпы, 2020 жылы республикада 9,8 мың шақырым автожол жөндеуден жөндеуден өтеді
Жылдар бойы жөндеу көрмей, сау-тамтығы қалмаған қаларалық бірнеше тас жол биыл жөндеуден өтіп, пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен автожол саласын дамыту жөніндегі кеңесте айтылды.
Айта кетейік, биыл 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жол құрылысы қарқын алуы тиіс. Тек 2020 жылдың өзінде 750 млрд теңгеге республикалық және жергілікті маңызы бар 9,8 мың шақырым автожол жөнделеді деп күтілуде. Тағы 4 мың шақырым жол салынады.
Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырым болатын бірнеше автожол ашылады. Олардың қатарында Талдықорған – Өскемен (763 км), Қарағанды – Балқаш – Қапшағай (645 км), Қалбатау – Майқапшағай (415 км), Меркі – Бурылбайтал (266 км), Ақтөбе – Атырау – Астрахань (279 км) сынды тас жолдар бар.
Ал, 2019 жылы елімізде 4,4 мың км авжол салынып, 641 км жол пайдалануға берілген. 1,1 мың шақырым республикалық маңызы бар және 3,5 мың шақырым жергілікті желілердегі автожолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биылғы жол құрылысына барлығы 100 мыңға жуық жұмысшы тартылады.