Көктемгі су тасқыны зардаптарының алдын алу мақсатына бюджеттен 675 млн теңге бөлінді
Солтүстік Қазақстанда су басуы ықтимал 85 елдімекен бақылауға алынды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Сергеев су қоймасы 78,6% толған. Көктемгі су тасқыны зардаптарының алдын алу мақсатына бюджеттен 675 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Күзде топырақта ылғал қоры әдеттегіден 40 пайызға аз жиналғанымен, оның орнын көктемгі жауын-шашын толтыруы мүмкін. Казгидромет мамандарының болжамынша, наурыз айында облыста ауа температурасы күрт жылынып, жауын-шашын мөлшері артпақ. Сондықтан, Есіл өзені арнасынан асып, облыстың бірнеше елдімекені су астында қалуы мүмкін. Төтенше жағдайлар департаменті мамандары 85 ауылды бақылауға алды.
«85 елдімекенде 6068 адам тұрады. 1872 тұрғын үйге қауіп төніп тұр. Су тасқынымен күреске жедел әрекет ету үшін Полиция және Ұлттық ұлан бөлімшелерін қоса алғанда 475 адам, 134 техника дайын тұр», -дейді СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов.
Су тасқынының алдын алу мақсатында елдімекендерден 463 мың текше метрге жуық қар шығарылды. Сонымен қатар, 21 ақпаннан бастап халық арасында су тасқынынан болатын қауіп-қатерлерді азайту шаралары туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
«Аудандардың, азаматтық қорғаныс күштерінің су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағайдың алдын алуға дайындығын «Көктем-2022» оқу-жаттығуында көреміз. Департамент базасында азаматтық қорғау қызметтерінен штаб құрылады. Сондай-ақ, қала мен аудандарда да осындай жұмыс тобын құру қажет», - Рамиль Камалов.
Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, облыс аумағында су тасқыны бола қалса жол 10 камаз, 5 жол талғамайтын көлік, 5 жүзу құралы, 85 мотопомпа, 370 су өткізбейтін костюм және 400 адам сыйатын 21 шатыр бар.
Эльмира Мәмбетқызы