Украинадағы қазақстандық жүргізушілер қашан қайтады – министрлік жауабы

Автор: Azattyq Rýhy

Украина аумағында 50-ге жуық қазақстандық жүк көлігі жүргізушісі қалған

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Украинадағы қазақстандық жүк тасымалдаушылары мен жүк көліктерінің жүргізушілерін шығару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазіргі жағдайдағы халықаралық жүк тасымалы мәселелері бойынша жедел кеңес өтті. Жиынға халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағы (ҚазАТО), «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және KazLogistics өкілдері, сондай-ақ Украина аумағында қалып қойған автомобильдердің басым бөлігі тиесілі отандық тасымалдаушы қатысты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, оқиғалардың басталуына дейін Украина аумағында 50-ге жуық қазақстандық жүк автокөлік құралы болған. Оларды ел аумағынан шығару үшін тасымалдаушылардың тізімі жасалды. Аталған тізім ҚР Сыртқы істер министрлігіне берілді.

«Сондай-ақ ҚР ИИДМ Польша мен Молдованың мемлекеттік органдарына машиналар мен жүргізушілерден қосымша құжаттарды талап етпей, рұқсаттама ұсыну мәселелері бойынша жүгінді. Айта кеткен жөн, 28 ақпан күні ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев қазақстандық тасымалдаушылардың Украинадан шығуы үшін «жасыл дәліз» ұйымдастыру жөнінде уәкілетті органдармен келіссөздер жүргізген болатын», - делінген хабарламада.

Нәтижесінде бүгінгі таңда 3 қазақстандық жүк көлігі «Роварусская» өткізу пункті арқылы Украина-Польша шекарасын кесіп өтті. Қазіргі уақытта тағы 8 көлік Украина-Молдова шекарасынан «Старокозаче-Тудора» өткізу пункті арқылы өтеді. Қалған қазақстандық жүк автомобильдерін шығару бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Сонымен қатар тасымалдаушылардың назарына Беларусь шекарасы арқылы «жасыл дәліз» ашу мәселесінің пысықталып жатқаны туралы ақпарат жеткізілді.

Қосымша ақпараттар үшін мына нөмірлерге хабарласуға болады: ҚР ИИДМ ахуалдық орталығының телефон нөмірі: +7 (7172) 98-35-35; 98-35-33; ҚР ИИДМ ахуалдық орталығының WhatsApp нөмірі: + 7 708 088 0 800.

Қазақстан Республикасының Украинадағы елшілігіндегі тұлғалардың байланыс нөмірлерін мына жерден табуға болады.