Жер учаскесіне кезектің қозғалысын онлайн қадағалауға болады – АШМ

Автор: Azattyq Rýhy

Енді кезек электронды, ашық және барлығына қолжетімді болады

Фото ашық дереккөзден

2022 жылдың 1 наурызынан бастап egov.kz электрондық үкімет порталында жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін кезекке қою қызметі іске қосылды. Осының арқасында қазақстандықтар кезекке тұрып, оның қозғалысын онлайн режимде бақылай алады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Мемлекеттік жер кадастры» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде кезекте тұрғандар тізілімі сервисі алынған өзекті деректерді ескере отырып, жетілдірілген «жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» жаңа жүйесіне көшірілді.

«Ашық және бірыңғай форматта тізілімді құрудың мақсаты бизнес-процестерін автоматтандыру есебінен көрсетілетін қызметті алушылардың кезекке қою, өтініштер беру, нәтижелер алу және өз кезегін онлайн қадағалау процестердің ашықтығын қамтамасыз ету болып саналады. Нәтижесінде халықтың кезектің жүруі туралы ақпаратқа, оның ашықтығы және жер учаскелерін беру жөнінде қабылданған шешімдерден хабардар болмауы мәселелері шешіледі.

Жүйе енгізілгенге дейін ЖТҚ үшін жер учаскесін алу үшін кезекке тұру үшін қазақстандықтар жергілікті атқарушы органдарға жүгінді. Бұл ретте жерді тек өз өңірінен ғана таңдай алатын, ал кезекте тұрғандардың тізімі әкімдіктерде сақталған.

Енді кезек электронды, ашық және барлығына қолжетімді болады. Қазақстандықтар жер теліміне үміткер бола алады, өз кезегінің қозғалысын бақылай алады және тіркелген жеріне қарамастан кез келген өңірді таңдай алады», - делінген министрлік хабарламасында.

Қызметті egov.kz порталына кіру арқылы пайдалануға болады. «Жылжымайтын мүлік» бөліміне кіріп, «Жер қатынастары» бөлімін таңдап, оның ішінде «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу үшін кезекке қою немесе қарау» (10 сотық жер)  қызметін таңдау қажет.

Нәтижесінде кезекке қою туралы куәлік немесе дәлелді бас тарту беріледі.

«Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын» ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» АҚ және әкімдіктердің ақпараттық жүйелерін интеграциялау нәтижесінде құру мүмкін болды», - деп хабарлайды АШМ.