Нұр-Сұлтанға Украинадан эвакуацияланған 120 қазақстандық ұшып келді

Автор: Azattyq Rýhy

Кеше Алматы әуежайына Украина-Польша шекарасын кесіп өткен 175 азамат келген болатын

Фото: Zakon.kz

Нұр-Сұлтанға Польшаның Катовице қаласынан ұшып шыққан екінші репатриациялық рейс келді. Ұшақ бортында 120 Қазақстан азаматы бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұшақ Нұр-Сұлтанға жергілікті уақыт бойынша сағат 21:35-те қонды.

«Қазір астананың халықаралық әуежайына Польшаның Катовице қаласынан ұшып шыққан рейс келіп қонды. Ұшақта 120 жолаушы болды. Олардың төртеуі – сәби. Елге жеткендер – Отанына қайтқысы келген қазақстандық азаматтар. Өздеріңіз білетіндей, кеше Алматыға алғашқы рейс келген болатын», - деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің және елшілік қызметкерлерінің, Қазақстанның Украина мен Польшадағы құрметті консулдарының Қазақстан Республикасы азаматтарын отанына қайтару жөніндегі жұмыстарын оң бағалаған болатын.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтарды әкету үшін репатриациялық рейстерді ұйымдастыру шығындарын мемлекет өтейтінін мәлімдеді.

Air Astana әуе компаниясының басшысы Питер Фостердің айтуынша, репатриациялық рейстер Катовицеден үйіне қайтқысы келгендердің бәрін алып кеткенше ұшатын болады.