Жалпы сомасы 24 млрд теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылады
2025 жылға қарай туризм саласында 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Үкімет сағатында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экотуризмді, атап айтқанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
«Ұлттық парктерді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, нақтыланды. Бұл бас жоспарларды түзету кезінде негізге алынды. Мәдениет және спорт министрлігі мен Экология министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде Экология министрлігі Алматы облысының ұлттық парктеріне 4 стратегиялық инвестор тартты. Олар жалпы сомасы 24 млрд теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асырады. Бұл ретте биологиялық алуантүрлілікті сақтау және табиғат объектілеріне экологиялық зиян келтіруге жол бермеу міндетті шарт болып саналады», - деді Дәурен Абаев.
Министр инфрақұрылым құрылысының ірі жобаларынан басқа, туристерге жайлылық пен ыңғайлылық жасау үшін туристік өнімнің материалдық емес компоненттерін дамыту қажеттігіне тоқталды.
«Өткен жылы үш іс-шара туристік нарықтың біліктілігін арттыруға және оқытуға арналған. 3 мың адам семинарлар, тренингтер және онлайн курстардан өтті, оның ішінде туристерді қабылдағысы келетін 428 ауыл тұрғыны бар. «Сапа белгісі» бағдарламасы бекітілді. Балалар мен жасөспірімдер, қалалық, агротуризм және Жібек жолы бағыттары бойынша 3,300 туризм объекті зерттелді, жаңа туристік өнімдерді дамыту бойынша ұсынымдар әзірленді», - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстанда халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жұмыстар атқарылғаны мәлім болды. 2022-2025 жылдар аралығында 5 мың шетелдік делегаттың қатысуымен 12 MICE іс-шара (форумдар, конференциялар, көрмелер және т.б.) өтікізілмек.
«Әрбір екінші іс-шара туристік әлеуетті дамытуға арналған. Бұл ретте, цифрлық маркетинг пен PR құралдарына баса назар аударылады. Биыл еліміздің туристік имиджін халықаралық деңгейде қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізу қажет. Екі маркетингтік науқан өткізу жоспарланып отыр. Бірінші жоба ТМД елдерінің нарығына бағытталған, екінші жоба алыс шет елдерге бағытталған. Екі жылдық үзілістен кейін халықаралық көрмелерге қатысу және БАӘ, Польша, Катар, Германия елдерінде роад-шоу ұйымдастыру қайта басталады», - деді министр.